Масылдық – мемлекеттілік пен әлеуметтік институттарды күйретуші құбылыс

51

«Әлеуметтік масылдық» термині ғылыми және журналистік басылымдарда жиі кездеседі. Алайда, кеңінен қолданылуына қарамастан, әлеуметтік масылдық дегеніміз не, оның қоғамдағы рөлі қандай екендігі туралы Түркістандық оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз. Шындығында әлеуметтік масылдық проблемасы айтарлықтай күрделі және оны шешуге жүйелі көзқарасты талап етеді. Бұл құбылысты бағаламас бұрын, оның себептерін, салдарын, әлеуметтік-экономикалық табиғатын, сондай-ақ әлеуметтік масылдықтың түрлерін жіктеу қажет. Сарапшылар «Масылдық – мемлекеттілік пен әлеуметтік институттарды күйретуші құбылыс» деп түсіндіреді. Яғни, әлеуметтік масылдылық деп денсаулығы жақсы, еңбекке қабілетті адамдардың саналы түрде өзінің күшін, мүмкіндігін  пайдаланбай, өзге адамның немесе тұтастай қоғамның есебінен өмір сүруге ұмтылуын айтамыз.

Әлеуметтік масылдықтың бір көрінісі – қайыршылық. Кейбір деректерге қарағанда, жер шарында 100 миллионға жуық қайыршы бар көрінеді. Жыл басынан бері өзіміздің Алматы облысында 640 адам қоғамдық орындарда қайыр тілегені үшін жауапқа тартылған екен. Аяқ-қолы сап-сау болса да көшеде қайыр тілеп тұрғандарды біз де күнделікті көреміз, бірақ қайыршылықты қоғамымызға кері әсер ететін құбылыс ретінде қарамаймыз. Біреуі қайыршылыққа шынымен мұқтаж болса, енді бірі тапқан-таянғанын араққа жұмсайды. Кейбіреуі қайыршылықты өз жұмысына айналдырған. Үйсіздер, мереке кездері қайыр сұрайтындар, түрмеден шыққандар, қазіргі «интернет қайыршылар». Мәселен «бір балам ауыр науқас» деп өтірік есепшот нөмірін беру арқылы да қаражат табатындар көбейген.

Әлеуметтік масылдық тек қана қайыршылықпен көрінбейді. Қоғамымызда аяқ-қолы сау бола тұра мемлекеттен көмек алу үшін өзіне жұмысқа жарамсыз деген анықтама алып, ай сайын мемлекеттен ақша алатындар да бар. Осындай құбылыстың да себебі, қоғамымызда қалыптасқан жемқорлықпен тығыз байланысты. Барлығы өз жұмысын адал атқарса, шынымен мұқтаж жандар мемлекет көмегіне ілініп, ақ пен қараның жігі көрінетін еді. Адал еңбекпен жетістікке жеткендерге қарағанда мемлекеттік қызмет арқылы, пара алу арқылы байлыққа жеткендер көп. Пара беріп мұқтаж жандар тізіміне іліккендер нағыз әлеуметтік масылдықтың мысалы бола алады.  Өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа адал еңбек етуді, адами құндылықтарды үйрете алмайтын қоғамға айналу – ең сорақы іс. Санамызды әлеуметтік масылдық жаулап, жемқорлық төбемізде ойнап тұрса, біз қандай ел боламыз?!

Елімізде әлеуметтік масылдық болдырмау үшін жыл сайынғы Жолдауда халықты жұмыспен қамту мәселесі көтеріледі. «Жұмыспен тұрақты және нәтижелi қамтуды ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейінің өсуін төмендету және өсуіне жол бермеу арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу» деген жолдар бар. Жарайды, мемлекет жастар істесін деп жұмыс орындарын ашты, алайда сол жұмысқа тұру үшін тағы да пара береді жастар. Жұрт арасында «Таныс бар жерде шанс бар» деген сана қалыптасып кеткен. Осылай қоғамымызда әлеуметтік теңсіздік орын алуда. Ақшасы барлар одан әрі қамдана түссе, кедей байғұстың қалтасы қағыла бермек.