Масылдық – ол ұлттың деградацияға ұшырауына түрткі болады

42

Түркістан облысының тұрғындарының назарына Патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендетудің маңызы жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Қоғамдағы кез-келген азамат адам болсам, адал болсам, ата-анама халқыма еңбек етсем, жақсылармен жанаса жүріп, солардан үйренсем дейді. Адал адам еш нәрседен қорықпайды. Өкінішке орай, қоғамдағы мына бір келеңсіз көрініс туралы да айтқым келеді. Бүгінде ұсынылған жұмыстан бас тартып, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке қол жайып күн көруді әдет қылған адамдардың қатары азаймай тұр. Бұдан бөлек, өзі несие алып, қарызын қайтаруға келгенде құлықсыздық танытатын да азаматтар бар. Бұл барып тұрған масылдық психология! Мұндай ойды түбегейлі өзгерту керек. Масылдық – қоғам індеті. Ол ұлттың деградацияға ұшырауына түрткі болады, алға басқан мемлекетті кері тартады. Ендеше, ұлтты ол кесірден арылту – тәуелсіздікті тұғырлы, өркен¬деуді өрісті етудің шарты болмақ.

Мұнай секторына масылдық де­ген ұғым бар. Сонымен қатар, тен­дерден пара тіленетін дүниеқоңыз, пайдакүнемдер бизнеске ма­сыл болуы мүмкін. Кеселдің тағы бір аса қауіпті, ауқымды сипаты — әлеуметтік масылдық. Жұрты жап­пай масылдыққа бой ұрған ел жарқын болашағының негізін өзі қалай алмай, өзгеге жем болатынын ұмытпайық. Қазіргі заманда Қазақстан халқы терең ойлы, еңбекте табанды, сөзде сындарлы, істе төзімді, қимылда ұтқыр, жаңашылдыққа ұмтылған ұлттың жаңа бейнесін қалыптастыра алмаса, шың басындағы дамыған елдердің аз шоғырына ғасыр орта­сында да қосыла алмайды. Демек, жас ұрпақты балабақша, орта білім ордасына қабылданғаннан бастап адал еңбекке баулу, масылдықтан жиренту міндеті тұр. Бұл тәрбиені өркендету үшін оқу бағдарламасының мазмұнын қайта қарау да артық етпес еді.

Халқымыздың біртуар тұлғасы Абай атамыз: «қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ-өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау! Еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» депті.

Өкінішке орай, қоғамда патериалистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Жұмыс жасамай, елден көмек күтетіндер қазір тым көбейіп кетті. Ал масылдық сана – ғасырлар бойы қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан дерт екені рас. Масылдық пиғыл барлық әлеуметтік топтар ара­сында көрініс берді. Адамдар арасында «жеңіл ақша тапсам» деген түсінік пайда болды. Президент Қ.Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында кейбір азаматтардың мемлекеттен әлеуметтік төлем алу үшін жалған ажырасу, жұмысынан кету, мүлкін басқаның атына тіркеу арқылы табы­сын жасыру, қолдағы малын сойып тастау секілді адал емес әрекеттерге барып, масылдық пен қулыққа жүгінетініне қынжылыс білдіріп, үкіметке мемлекеттік қолдауды тек шын мұқтаж адамдарға ғана көрсетуді тапсырды.

Қазіргі аумалы-төкпелі заманда халықтың әл-ауқатын көтеру, кедейшілікпен күрес – еңсесі тік, әлеуеті зор елдердің ғана қолынан келеді. Қазақстан бүгінде халық тұрмысын жақсартуға бағытталған сан алуан әлеуметтік қамқорлық ша­раларын жүзеге асыруда. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналу үшін масылдық психологиядан арылып, жұмыла еңбектену керек.