Масылдықтың туындауын қоғамдық, әлеуметтік себептерден іздейік

112

Түркістан облысының тұрғындарының назарына қоғамдағы масылдық жайында ақпараттарды ұсынамыз. Масылдықты теріс құбылыс ретінде талай жырауларымыз, шешендеріміз өздерінің нақыл сөздерінде айтып кеткен. Масылдық айналып келгенде адамның өз-өзін түсінбеуінен, өзіне беретін бағасының төмен болуынан, рухани жетілмеуінен болады деп есептеймін. Ал шынтуайтына келетін болсақ, адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Шынайы еңбек қана адамды бақытқа жеткізеді.

Адамзат қоғам құра бастағаннан бастап еңбек – адам өмірінің түпкі негізіне айналды. Кезінде еңбектің әртүрлі қырлары туралы көптеген даналар ой толғап кеткен. Еңбек туралы көптеген ұлағатты ой-пікірлер қазақ халқының да ой-санасынан орын тепкен. Демек, еңбек деген бүкіл адамзат баласының сенімді күшіне айналды. Еңбекқорлықтың маңызы жөнінде ғұлама ғалым әл-Фарабиден бастап, Абай, Шәкәрім сынды ойшылдарға дейін шығармаларына арқау еткен. Еңбексіз бұл дүниеде ешнәрсенің мәні де, сәні де болмайтынын, дүниедегі әрбір нәрсенің өлшемі – еңбек екенін терең пайымдатқан.

Жалпы алғанда еңбек жөнінде сүбелі ойлардың айтылатын уақыты жетті деп ойлаймын. Өйткені бұрынғы кеңестік жүйе ыдырағаннан кейін, жаңа қоғамдық қатынастар орнай бастады емес пе?! Еліміз капитализмнің не екенін, нарықтық қатынастардың қандай болатынын көре, біле бастады. Өйткені оның алғашқы белгілері келді бізге. Бірақ капитализмнің жүйе ретінде бірден орнығып кетуі оңай емес. Ол үшін сол қоғамда өмір сүретін адамдардың санасы оны қабылдауға дайын болуы керек. Біз үшін ол таңсық дүние болғандықтан, капитализмнің алғашқы сатыларынан өтуге тура келді. Нарықтық қатынастардың орнауына біраз жылдар керек болды. 90-шы жылдардан бері қарай есептесеңіз, оншақты жыл бойы біз «жабайы» капитализммен өмір сүріп келдік. Базарда қап арқалаған саудагерлерге нағыз іскер, кәсіпкер ретінде қарай бастадық. Ол экономикалық қарым-қатынастардың әлі дами алмай жатқан кезі болып еді. Сондықтан да нарықтық қатынас дегеніміздің өзі, шынтуайтына келгенде қоғамдағы тәртіптің үйлесімді болуы, қабылданған экономикалық заңдардың мүлтіксіз орындалуы, азаматтар арасындағы мәдениетті қарым-қатынас дәрежесінің жоғарылауы, моральдық, адамгершілік құндылықтардың бірінші орынға шығуы. Міне, осы айтылған нәрселер болғанда ғана біз толық нарық­тық қоғам құра алдық деуімізге болады. Нарықтық қатынас кісі ақысын жеу емес, біреуді алдап-арбап кету емес. Ол өркениетті қоғамның шынайы бейнесі бо­лып табылады. Мәселе осында жатыр. Осы­дан келіп кәсіп болсын, еңбек болсын, өз деңгейіне көтеріледі. Былайша айт­қан­да, өзінің нәтижесін бере бастайды.