«Масылдық» пен «әлеуметтік инфантилизм» бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар

181

Түркістан облысының тұрғындарының назарына «Масылдық» пен «әлеуметтік инфантилизм» бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар екендігін ұсынамыз. Бұл қасиеттерді кез келген адамның бойынан кездестіруге болады. Неге десеңіз, біз бірден үлкен болып туа салған жоқпыз ғой. Бәріміз нәресте, бүлдіршін, бала болған кезден өттік. Ал кішкентай нәрестенің бойында масылдық психологиясы терең орнығып алады. «Мысалы, бала «қыңқ» етсе сүтін береміз, тамағын дайындаймыз, еркелетіп, әлпеш­тейміз. Міне, бұл оның санасында масылдық әдеттерін қалыптастырып тастайды. Сон­дықтан мұндай балалық психология әрқайсымыздың бойымызда, жанымыздың түкпірінде бәрібір сақталып қалатындықтан, мен ма­сылдықтан толық арылдым деп ешкім айта алмайды. Саналы, бейсаналы түрде болсын кез келген адамда баяғы ертегідей: «маған бәрі өздігінен келе қалса, мен ештеңе жасамасам. Бәрі бірден бола қалса» деген ойдың болуы психологиялық заңдылық. Еңбекке бірден құлшынбайды. Еңбек еткісі келмейді. Ерінбей еңбек етуді отбасында әке-шешеміз үйретсе, мектепте мұғалімдеріміз үйретеді. Адам еңбекке бірте-бірте дағдыланады. Басында біреу маған көмектесе қалса деген оймен жүріп, келе-келе оған өзінен басқа ешкім көмектеспейтінін түсінеді де, жұмыс істеп, ақша табуға мәжбүр болады. Сөйтіп, белгілі бір деңгейде біреуге масыл болудан арыла бастайды. Былайша айтқанда, өз күнін өзі көруге бейімделеді.

Егер де адам өзіне ұнайтын кәсібін тапса, сол арқылы ырыс-несібесін арттырса, адамға бұдан артық байлықтың, одан асқан бақыттың қажеті де болмай қалады. Ал кейбір адам өзіне ұнамайтын жұмыс істеп жүреді. Ол жерде ол көп ақша таба ма, аз ақша таба ма, мәселе онда емес. Мәселе – сол адамның істеп жүрген жұмысы өзіне ұнамауында. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, өмірде өзінің сүйікті кәсібімен шұғылданбаған адам кез келген сәтте басқа теріс жолға бет бұрып кетуі мүмкін.

Әрине, бұл үшін ең алдымен санаға әсер ету керек. Жақындарына, ағайындарына, қоғамға, үкіметке масыл болып жүрген адамдардың көзқарасын өзгертуіміз қажет. Барлығы да адамның өзіне байланысты екенін, қаласа жақсы еңбек істей алатынын, ізденсе, әйтеуір өз күнін өзі көріп кете алатынын ұғындыру керек. Бұл жұмыс бұқаралық сипат алуы керек деп есептеймін. Осы тақырыпқа түрлі дөңгелек үстелдер, семинарлар, телебағдарламалар ұйымдастырса, жақсы болар еді. Өз басым сондай адамдарды психологиялық машықтанудан өткізер едім. Біздің адамдарда психологиялық мәдениет жоқтың қасы. Ол өзінің жан дүниесін терең білмегендіктен, бойындағы дарынды, қабілетті дұрыс пайдалана алмайды. Осының әсерінен де өмірде жолы болмай жатады. Адам өзін жақсы біліп тұрса ғана өзіне көмектесе алады. Мүмкін сонда ол өзін бақытты ететін кәсіптің түрін тауып алар ма еді? Мен сізге өмірден мысал айтайын. Біздің орталыққа 32 жастағы келіншек келді. Оны бала кезінде ата-анасы балет оқуына берген. Бірақ балет өнері оған ұнамаса керек, өмірін сол жолға арнаса да, қазір бір мекемеде есепші болып жұмыс істейді екен. Ал өзінің шешімін шешесіне айтуға қорқып жүр. Міне, көрдіңіз бе, кейде біз жас баланың саусақтарына қарап «мынау музыкант» болады екен деп, оны музыка мектебіне апарамыз. Бұл дұрыс емес. Ол жерде баланың саусағына емес, жанына, ой-санасына, қабілетіне мән беруіміз керек. Мүмкін ол баладан жақсы мұғалім, спортшы, кәсіпкер, өндіріс маманы шыға­тын шығар. Осындай нәрселердің бәрі адам жанының психологиясын білмеуден туындап жатады. Адам кәсібін тауып, бақытты болса, масылдыққа бой алдырмайды. Ондай адам жұмыс істемей тұра алмайды. Биді жақсы көретін адам, билемей тұра алмайды. Әнді жақсы көретін адам, ән айтпай тұра алмайды. Мұғалімдікті жақсы көрген адам жалақысы төмен болса да ол кәсіпті тастай алмайды. Бір сөзбен айтқанда, адам өзінің жан қалауын тапса ғана ол ешкімге масыл болмайды. Ешкімнен ештеңе күтпейді.