ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ САРАПТАЛДЫ

436

Түркістан облысын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте аталған саладағы мәселелер мен жоспарлар талқыланды.

– Туризм саласын дамыту бойынша стратегиялық жоспар қажет. Нақты индикаторлар, межелер мен оған жету жолдары нақтылануы тиіс. Жүйелі жұмыс арқылы ғана туризмді дамытып, туристер санын арттыра аламыз. Жиында көтерілген мәселелер бойынша тапсырмалардың орындалуы бақылауға алынады. Бұл тақырыпқа алдағы уақытта тағы оралып, кеңінен талқылаймыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ахбердиеваның айтуынша, өңірде туристер санын арттыру бағытында жан-жақты зерттеулер, сараптамалар жасалып, жұмыстар атқарылуда.

Түркістанның басты бренді әрі құндылығы – Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі. Бүгінде зиярат етушілері саны артып келеді. Дегенмен туризм өңірге нақты табыс әкелуі үшін саяхатшылар облыс пен Түркістан шаһарында кем дегенде 2-3 күн аялдайтын жағдай жасау қажет. Бүгінде осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. 2021 жылы Түркістандағы кесенеге 1,4 млн. адам зиярат етсе, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны қалада 100 мыңға жуық адамды құраған.

Мәжілісте инфрақұрылымды жақсарту, туристік аймақтарға жол салу, Түркістан өңірінің ерекшелігіне сәйкес жаңа құндылықтар мен брендтер қалыптастырып, Наурыз мерекесін, көкпар бәсекелерін, қызғалдақтың гүлдеу сәтін туристерге ыңғайлап, тартымды іс-шаралармен өрнектеу идеялары да сөз болды. Сонымен бірге шығыс базарының жұмысын жандандырып, қолөнершілер мен жергілікті кәсіпкерлердің мүмкіндігін тиімді пайдалану жолдары да талқыланды.

Облыс әкімі туризм саласының Түркістан өңірі үшін аса маңызды екенін айта келе, жауапты басқармалар мен мен аудан, қала әкімдіктеріне тапсырмалар берді. Саланы жүйелі дамыту бойынша стратегиялық жоспар жасауды жүктеді.