ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛ МАҚТАНЫШЫ
Еңбек адамы – ел мақтанышы. Қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп, сол бағытты алға жылжытуға үлес қосып жүрген жандарға құрмет ерекше. Жалпы еңбек адамы деп адал кәсіппен адал нәсіп тауып жүрген жанды айтсақ қателеспейміз.
Сондай жанның бірі, «Шымкент қалалық мүгедектер» қоғамдық бірлестігінде инватакси қызметінде жүргізуші болып жұмыс істейтін Нұрболат Жаңбыров. Біз тамыздың алғашқы жексенбісіндегі кәсіби мереке – Көлік қызметкерлерінің күні қарсаңында Н.Жаңбырбаевпен әңгімелескен болатынбыз.
– Бұрын білмейтін едік, қалада мүгедек көп екенін осы жұмысқа кірген соң көрдім. Әрқайсының мінезі әртүрлі, кейде сіркесі су көтермей қалады. Ептеп түсіндіруге тырысамын, бірақ көбіне үндемей құтыламын. Үндемесең тез басылады. Науқас балалардың ата-анасына да оңай емес, – дейді ол мүгедектерді тасымалдауға арналған көліктің автоматты пандусын түсіріп тұрып.
Н.Жаңбыров 1991 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 2007 жылы Мардан Сапарбаев атындағы университетіне оқуға түсіп, 2011 жылы «Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығын игеріп шықты. Мүкін осы әдебиетке жақындығынан болар, жаны таза, жүрегі мейірімді. Мейірімділік оның ерекше жандармен жұмыс істеп келе жатқан жылдардағы серігі. Отбасылы, 5 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы әке.
Нұрболат алғашқы еңбек жолын 2011 жылы «Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Шымкент қалалық мүгедектер» қоғамдық бірлестігіне инватакси қызметіне көмекші болып орналасқан. 2016 жылға дейін ерекше жандарды көлікке отырғызып-түсіру, көпқабатты пәтерлерге дейін көтеріп шығару секілді қызметтерді атқарған. 2016 жылы кейіпкеріміз «ВС» санаттағы жүргізуші куәлігін алғаннан кейін ерекше жандарға арналған көлікті тізгіндеді. Қазіргі уақытта инватакси жүргізушісі қызметін атқарып жүр.
– Инватаксиде ерекше жандарды жұмысқа, студент болса – оқуға тасымалдаудың өзіндік қиындығы мен қызығы бар. Біріншіден түрлі диагнозы бар жандар болғасын барынша сабырлы болуды қажет етеді. Дегенмен ол қиындық әр ерекше жаннан алғыс алғанда ұмытылады. Ең бастысы жұмысым өзіме ұнайды. Әр қызмет алушы менің бауырымдай болып кеткен, – дейді Нұрболат Мұратұлы.
Айта кетейік, 2024 жылдың 6 айында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына 28 339 мүгедектігі бар адам өтінім білдіріп, 437 адам мақұлданған. Қазір қаламызда 28 көлік ерекше жандарды жұмысқа, балабақша мен оқуға және оңалту орталықтарына тасымалдайды. Оның ішінде 10 көлік қоларба үшін арнайы жабдықталған. Көпқабатты пәтерлерге мүгедектігі бар азаматтарды түсіріп-шығаруына 8 көмекші қызмет көрсетіп отыр.
«Шымкент келбеті»