БОКСТАН БЕКЗАТ САТТАРХАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ХХІII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің тұңғыш иегері, түркістандық талантты боксшы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған 2007-2008 жылы туған жастар арасындағы халықаралық турнир басталды. Биыл ХХІII рет өтіп жатқан халықаралық бокс додасына Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Әзербайжан, Қытай, Египет, Сауд Арабиясы, Кувейт елдерімен қатар Қазақстанның барлық аймағынан іріктелген былғары қолғап шеберлері келген. Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев көпшілікті құттықтады.
Түркістан төріндегі шаршы алаңға талантты боксшылар шығып, тартысты жекпе-жектер өткізуде. Биылғы халықаралық бокс бәсекесінде ерлер 13 салмақ бойынша жұдырықтасса қыздар 6 салмақ дәрежесінде жеңімпаздарды анықтайды. Айта кетейік, бокстан әлем чемпионы Қайрат Ералиевтің айтуынша, IBA талаптарына сай өтіп жатқан бұл халықаралық бокс додасында жеңімпаз атанған спортшыларға спорт шебері атағы беріледі.
Түркістан облысының әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жоғары деңгейде ұйымдастырған бұл халықаралық бокс додасына жалпы 30 команда, 300-ге жуық боксшы қатысуда. Түркістан облысының жігіттер құрамасы толық құрамда өңір намысын қорғаса, қыздар құрамасы 4 салмақ дәрежесінде ринг төріне көтеріледі.
20 жасында жасындай жарқылдап, Сидней олимпиадасының шыңын бағындырған Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Саттарханова да батыр ұлын еске алуға арналған турнирге арнайы келіпті. Сондай-ақ Сидней олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов пен Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков те құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Дәстүрлі бокс турнирі жыл сайын қаншама талантты жастың шеберлігін шыңдауда. Бокс бәсекесінің жеңімпаздары 4 сәуір күні анықталады.
Халықаралық бокс додасын Түркістан облысының әкімдігі мен Облыстық спорт басқармасы және «Түркістан бокс клубы» жоғары дәрежеде ұйымдастырды.