ТҮРКІСТАНДА ЖОЛ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖАЛҒАСУДА

38

Түркістан қаласында «Яссы» секторына қарасты Қазыбек би мен О.Жарылқапов көшелері арасындағы жолға құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде 2,5 шақырымды құрайтын жолдың 85%-ы толық аяқталды. Аталған жол бөлігінде екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту жұмыстары жүргізіліп, 1,7 шақырым жолға қара қиыршық тас пен ірі түйіршікті асфальт жабыны төселді. Жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдар салынуда. Сонымен қатар суағар науалары орнатылды.

Қала аумағында Б. Қалаби көшесі мен «Бекзат» мөлтек ауданында теміржол үстінен жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта Б. Қалаби көшесінің 7,4 шақырымы жөнделіп, құрылыс жұмыстары 25%-ға аяқталды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған көпірді күрделі жөндеу жұмыстары 80%-ға аяқталды.

Айта кетейік, қала аумағында жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның ішінде, қазіргі жағдай бойынша 430,1 шақырымы асфальт жабындысымен қамтылған. Яғни, жолдардың 50,3%-ы жақсы және қанағатты жағдайда.

2025 жылдың соңына дейін 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын атқару жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 28,7 шақырымы аяқталған болса, 12,1 шақырымында жұмыстар жалғасуда. Жыл соңына дейін жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 67,4%-ға жеткізу жоспарлануда.