БҮГІН АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТУДЕ

367

Шымкент қаласындағы Психикалық денсаулық орталығында 10 қазан – Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай ашық есік күні өтті. Бүгін аталған орталықта кез келген азамат мамандардан кеңес алуға мүмкіндік жасалған. Психолог, нарколог, психиатр және психосоматолог мамандар таңнан бастап, ашық есік күніне орай келген жандарды еркін форматта қабылдап, өз кеңестерін беріп жатыр. Халыққа психиатриялық, психологиялық және психотерапиялық көмек көрсету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады.

– Бүгін таңертеңнен бастап ашық есік күніне 50-ден астам адам қатысты. Біз азаматтар мен науқастарды кешке дейін қабылдап, өз кеңесімізді береміз. Бұл іс-шараның өзге қабылдаулардан ерекшелігі – еркін форматы. Кеңеске келген адамдар тіркеуге тұрмай-ақ, мамандардың көмегіне жүгіне алады. Қазір психикалық орталыққа тіркелген науқастардан бөлек, олардың туған-туыстарына да кеңес беріп жатырмыз, — деді Психикалық денсаулық орталығының дәрігері Мейіркүл Сүттібаева.

Халыққа психиатриялық, психологиялық және психотерапиялық көмек көрсету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. Орталықтың бас дәрігері Серік Мыңбаевтың айтуынша, қазір шаһарда 12 057 науқас психиатриялық есепте тұрады екен.

– Ал, есепке алынбаған науқастардың саны қаншама?! Өкініштісі, психикалық аурудың алғашқы сатысында ешкім бірден маманның қызметіне жүгінбейді. Шарықтау шегіне жеткенде ғана біздің орталыққа алып келеді. Оған дейін атынан үркіп, өз бетінше қазақы емдерді қолданады. Бүгінгі іс-шара арқылы халықта қалыптасқан ойдан арылтуға, дер кезінде мамандардың кеңесіне жүгіну қажет екенін жеткізуді көздеп отырмыз, — дейді Серік Ибрагимұлы.

«Шымкент келбеті»

Фото: Серік Қосаев