ЗАМАНАУИ ЖЫЛЫЖАЙДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ ЖӘНЕ ИҚАННЫҢ ДИҚАН ҚАУЫМЫ

171

Осыдан бірнеше жыл бұрын бой көтерген Ибатадағы аумағы үш гектарлық жылыжайдың өнімдерін алыс-жақын ауылдар мен көршілес облыстардан тонналап алып кетушілер мен алдын ала тапсырыс берушілер қатары күн санап өсе түсуде. Бұрын сырты жылтыраған, дәрімен өскен дәмсіз-нәрсіз Қытайдың қызанағын қонақтың алдына қоятын оңтүстік жұрты қазіргі кезде осы жылыжайдың өніміне зәру. Себебі, мұндағы қызанақ ешқандай дәрісіз жаңа технологиямен өсірілгендіктен әрі дәмді, әрі сақтауға да қолайлы. Кәсіпорын басшысы Нұржол Данахан аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлына қазіргі кезде қызанақтың бірнеше сұрыптарын өсірудің тәжірибесін қарастырып жатқандығын да баяндады. Оның ішінде балалардың ауызына салып жіберіп, жеп қоюына және тосап жасауға да қолайлы, кішкене ғана Чили қызанақтарын да өсіріп жатыр екен. Ибата ауылы мен көршілес елді мекендердің жүздеген тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын басшысына Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев алғысын жеткізді.

 

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев Ескі Иқан ауылында тұрғындармен кездесті. Бұған дейінгі кездесулерде айтылған ұсыныс пікірлер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Сіздермен 2023 жылы 17 ақпанда есепті кездесу өткен болатын. Сол кезде ауылдың маңызды 13 мәселе көтерілді. Сол мәселелерді шешу бойынша іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілу нәтижесінде, аталған 13 мәселе өз шешімін табуда. Оның ішінде, 3 мәселе өз шешімін тапса, біреуіне түсіндірме берілді. Ал тоғызы орындалу үстінде,-деді Ғалымжан Қарабайұлы.