ДИХАНАБАДТАН ЖЕР БЕРУ ЖАЙЫ ҚАРАСТЫРЫЛУДА ЖӘНЕ МЫҢ ЖАРЫМ ТҰРҒЫН ҮЙГЕ АУЫЗ СУ, ГАЗ ЖЕТКІЗІЛЕДІ

76

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың айтуынша, жергілікті тұрғындарға 18 жылдан бері жеке үй салып алуға жер бөлінбей келе жатқан көрінеді. Қазіргі кезде бір үйде үш-төрт отбасы тұрғандықтан түрлі қиындықтарға жолығуда. Осыған байланысты аудан әкімі бұл әлеуметтік ең өзекті мәселені алдымен шешуге барынша мүмкіндік қарастырылу қажеттігін айтып өтті. Жаңадан берілетін жерлерге дейін ауыл ішіндегі бос жерлерді де тұрғындарға бере бастаса, онда инфрақұрылымын жүргізу әлдеқайда тиімді екендігіне де тоқталып өтті.

Ауылдық округ әкімшілігінің есебіне қарағанда, қазіргі кезде Ескі-Иқан елді мекенінде жеке үй салып алу үшін жер кезегінде 1500-ден астам адам тұр. 2014 жылы 500 гектар жер кезегінде тұрған адамдарға жер телімдерін беру үшін Бас жоспарға енгізілген болатын. Сол Бас жоспарды қайта қарап, мүмкіндік болса, сол жер телімдерін кезекте тұрған адамдарға үйлестірілсе екен деген тұрғындардың сұранысы жоғары. «Бұл мәселе шешімін таппаса, Жаңа Иқан ауылдық округі Ибата елді мекеніне қарай жер телімі бөлініп, тұрғындарға берілсе» деген ұсыныс та айтылып келеді.

Осыған орай, аудан әкімшілігі шешімін жеткізді. Ол бойынша Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-бабына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын салу үшiн жер телімдерін беруге су және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда ғана жол беріледі. Алдағы уақытта Ескі Иқан ауылдық округі бойынша 1410 жер кезегінде тұрған азаматтарға қаржы бөлініп, инфрақұрылым жүргізілген жағдайда, заң талаптарын сақтай отырып, жер телімдері берілетін болады.

Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында жер кезегінде тұрғандарға «Диханабад» ауылынан жер берілсе деген ұсыныстар да түсті. Белгілі кәсіпкер егерде сол ауылдан тұрғындарға жер телімдері берілсе, мектеп салып беруге де дайын екенін де айтып өтті.

Ескі Иқан ауылдық округі Диханабад ауылына елді мекен дәрежесін беру Қазақстан Республикасының Жер кодексінің талаптарына сәйкес әзірлеу және ауылдық елді мекендер аумағының жер-шаруашылық орналастыру жобалары (жоспарлары) бекітілген уақытта және аталған кодексінің 44-бабына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын салу үшiн жер телімдерін беруге су және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда жол берілетін болады. Сонымен қатар, орталықтандырылған сумен жабдықталмаған елді мекендерде мұндай жер телімдерін беруге тек электрмен жабдықтау желілері болған кезде ғана жол берілетіндігі де белгілі болды. Қазіргі кезде Диханабадқа елді мекен мәртебесін беруге ауыл округі ұсыныстар беріп, жергілікті қауымдастық кеңестің отырысын өткізіп, аталған бағытта заң талаптарына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде.

 

МЫҢ ЖАРЫМ ТҰРҒЫН ҮЙГЕ АУЫЗ СУ, ГАЗ ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев Ескі Иқан ауылына жаңадан қоныстанған мың жарымнан астам отбасының әлеуметтік жағдайы жасалатынын мәлімдеді. Ескі Иқан елді мекенінің ауыз су мәселесін шешу мақсатында, Иқан су-Қытай ұңғымасынан Ескі Иқан елді мекеніне дейін су тазарту қондырғысына дейінгі 45 шақырым ауыз су құбырын тартуға жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысын 31 мамырға алу көзделуде. Жобалаушы мекеме – «Улмад» ЖШС.

Сонымен қатар, елді мекеннің жаңадан қоныстанған 1540 тұрғын үйге ауыз су жүргізуге аудан тарапынан жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жобалаушы мекеме – «Redline-Pro» ЖШС-гі.

Кездесуде тұрғындар «Ескі-Иқан ауылдық округінде табиғи газ мәселесінде газ құбырларын ауыл ішіндегі жүйесін өзіміз тұрғындар, немесе өзіміздің демеушілігімізбен тартып алуға дайынбыз, себебі қаржы қаралғанын күтсек тағы да бір, екі жылға созылып кетуі мүмкін»,-десті сөз алғандар.

-Өздеріңізге белгілі, Ескі Иқан елді мекенінде табиғи газ құбырлары бойынша, мердігер мекеме тарапынан «КазТрансГаз Аймақ» ЖШС-гі ұсынған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізіліп, 13 көшеге табиғи газ берілді. Қалған көшелерді табиғи газға қосу бойынша, облыс әкімінің тапсырмасына және аудан әкімдігінің іс-шара жоспарына сәйкес, тиісті жұмыстар жүргізілуде, — деді әкім.