ТҮРКІСТАНДА «ӘЛ-ФАРАБИ ӘЛЕМІ» ЗАЛЫ АШЫЛДЫ
Түркістандағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында ұлы ойшыл, ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің мұраларын насихаттауға бағытталған «Әл-Фараби әлемі» атты арнайы зал ашылды. Бұрыштың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және еңбек ардагерлері мен зиялы қауым қатысты. Енді барлық оқырман мен кітапханаға келушілер осы залды тамашалап, ұлы ойшылдың еңбегімен таныса алады.
Арнайы залға кітапхана қорындағы әдеби кітаптардан бөлек, Отырар ауданындағы Әбу Нәсір әл-Фараби музейінен құнды жәдігерлер, атап айтқанда, Әл-Фараби сырнайы, кітаптар мен материалдар, Сирияның Дамаск қаласынан алынған музыка ноталарының көшірмесі, сондай-ақ, Отырар ауданының тумасы, ҚР Мәдениет қайраткері, суретші Әділхан Мәліктің картиналары және т.б. экспонаттар мен көрме-композициялар орнатылды. Алдағы уақытта кітапхананың ғылыми қызметкерлерінің көмегімен ұлы бабамызға қатысты жәдігерлер мен құнды әдебиеттер қатарын көбейту жоспарланып отыр.