«БІЗ ЕСІРТКІСІЗ ӨМІРДІ ҚАЛАЙМЫЗ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТҮРКІСТАНДА КӨРКЕМ ШЫҒАРМА БАЙҚАУЫНЫҢ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

331

Жуырда Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында «Біз есірткісіз өмірді қалаймыз» көркем шығарма байқауының іріктеу кезеңі өткізілді. Жалпы байқаудың негізгі мақсаты – адам өміріне қауіп төндіріп отырған есірткінің, темекінің зиянын және улы екенін түсіндіріп, саналыққа, салауатты өмірді таңдауға, тазалыққа, лас істерден аулақ болуға тәрбиелеу. Есірткі жайында кеңінен мағлұмат беріп, Отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, денсаулыққа баулу болатын. Осы бағытта ұйымдастыру алқасына 24 үміткердің шығармасы келіп түсті. Жұмыстарды саралауға арнайы қазылар алқасының құрамы бекітілді. «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Бейсембаев Бакытжан Жармаханович қазылар алқасының төрағасы болса, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Несипкул Утебаева Несипкул Мейманхановна және ҚР Журналистер Одағының мүшесі Ақмарал Ғаниқызы алқа мүшелеріне енгізілді.

Байқаудың шарты мен ережесіне сәйкес 14-24 жас аралығындағы үміткерлер қатысуға өтінім білдірді. Олар бұрын соңды жазылмаған, еш жерде жарияланбаған, әлеуметтік желіден көшірілмеген көркем шығарма жазып, тапсыруы тиіс болатын. Алқа құрамы келіп түскен шығармалардың мазмұны мен идеясына терең мән беріп, тақырыпты аша білгендігін де назарда ұстады. Сондай-ақ, жүлделі орындарды анықтап, номинацияға кімдер лайық екендігін анықтады. Алдағы уақытта байқаудың марапаттау рәсімі қашан және қайда өтетіндігін әлеуметтік желідегі парақшаларымызда жариялайтын боламыз.