«ӘНІМ СЕН ЕДІҢ…»

90

Шымкент қаласында қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай «Әнім сен едің» тақырыбында гала-концерт өтті. Аталған мәдени іс-шара Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен даңқты композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, ән өнерінің алыбы Шәмші Қалдаяқовтың 94 жылдығына орайластырылды.

Халық ерекше ықыласпен қабылдаған шараның басты мақсаты – Шәмші Қалдаяқовтың халық жадында мәңгілікке сақталған әндерін насихаттау және қайта жаңғырту. «Шәмші әлемі» гүлзарында өткен концертте композитордың кеңінен танылған 20-ға жуық шығармалары орындалды, оның ішінде «Ана туралы жыр», «Ақ маңдайлым», «Бақыт құшағында», «Өмір-өзен», «Сыған серенадасы» сияқты әндер орындалғанда, көрермен қауым қатты ризашылық білдіріп, ұзақ қол соғып тұрды және шара барысында композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетілді.

Гала-концертке Шымкент қалалық опера және балет театрының солистері, «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары, «Қазына» және «Яссы» би ансамбльдері, сондай-ақ, «Shamshi» әншілер байқауының жеңімпаздары қатысты. Олар өздерінің тартымды бейнесі, жарасымды киімдері, әдемі дауыстарымен көрермендерді баурап алды.

Аз ғана ғұмырында алаштың  жүрегінен орын алған Шәмші әндерінің өміршеңдігі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді.  Жазушы Серік Жанәбіл әсем әндері отандық өнер жұлдыздарының әрқайсысының төлқұжатына айналған даңқты композитор Шәмші Қалдаяқов алашқа ғана емес, әлемге ортақ тұлға екенін айтады.

«Біз бүгінгі концерт барысында дара тұлға Шәмші Қалдаяқовтың өмір және өнер жолымен тереңірек танысып, ән өнерінің құдіретіне қаныға түстік.Талантты өнер иесін халық лирикалық әндеріне қарай «Қазақ вальсінің каролі» деп атаса, Шәмші әндеріне ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер таң қалып: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. Үш жүзге жуық ән шығару деген – ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек» деген екен. Бұдан біз оның адамзат баласына ортақ тұлға екенін аңғарамыз», — дейді қаламгер С.Жанәбіл.

Ағылшынның өнер қайраткері хас талантты бағалағандай, қазақ жұрты да  еліміздің бас қаласы мен астанасынан, оның ішінде  Шымкент шаҺарынан  атына көше беріп, аллея жасап, ескерткішін тұрғызды. Дәл осы күні «Шәмші әлемі» гүлзарындағы композитордың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып,  қаланың мәдениет саласының өкілдері, өнерпаздар мен зиялы қауым рухына тағзым етті. Сонымен қатар, Абай атындағы қалалық кітапханалар желісінің №2 кітапханасы мен басқа да мәдени ұжымдарда ұлы композиторды еске алу шарасы өтті.

Шәмші Қалдаяқовтың әндері қазақ мәдениетінің баға жетпес мұрасы ретінде халық жүрегінде мәңгілік орын алған. Оның «Менің Қазақстаным» атты патриоттық әні 2006 жылы Қазақстанның мемлекеттік Әнұраны ретінде қабылданып, сол жылдың қаңтарында Ақорда сарайында алғаш рет орындалды. Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы бүгінгі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халық сүйіспеншілігіне бөленіп келеді.

Шара соңында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков композитордың шығармашылығына арналған ықылас гүлін табыстады.

Жалпы, Шымкент қаласының әкімдігі әдебиет, мәдениет, өнер саласына бүйрек бұрып, қайраткерлеріне үнемі құрмет көрсетіп тұрады: тірілерін қадірлесе, ұлыларын ұмытпай ұлықтай біледі. Оған мысалды мың-сандап келтіруге болады.

Айту керек, соңғы жылдары Шымкент қаласында мәдениет саласы жаңа серпінмен даму үстінде, әсіресе өнер мекемелерінің керегесі кеңге жайылып келеді. Жаңа театрлар ашылып, жұмыстары жанданды, кейбір театрлар қайта жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілді. Оған Шымкент қаласының ортасында орналасқан  Ж.Шанин атындағы драма театры, опера және балет театры, әзіл-сықақ және сатира театры, «Оңтүстік-Цирк», «Түркістан» сарайы сияқты ұжымдар дәлел. Басқасы-басқа, құнды сахналық шығармалар жазылып, қала тұрғындары мәдени мұрамызбен қайта қауышып жатыр.

Қазір Түркістан облысында 8 кәсіби театр, 1 көркемсурет галереясы, 8 саябақ, 1 облыстық филармония, 1 «Оңтүстікфильм» мекемесі, 1 «Оңтүстік-Цирк» мекемесі, 1 «Түркістан сарайы», 1 көрме орталығы болса, соның дені Шымкент қаласында орналасқан. Оның сыртында қала тұрғындары үшін қызмет етіп жатқан қаншама кітапханалар бар.

Рас, 1991 жылдары еліміздің Тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға өтуі – мәдениет саласына айтарлықтай әсерін тигізді. Қаржыландырудың жеткіліксіздігінен және жекешелендіруге байланысты мәдениет және өнер мекемелері жабылып,  ошақтарының оты бәсеңдей түсті. Десе де, 2000 жылды «Мәдениетті қолдау» жылы деп жариялауға байланысты мәдениет саласы қайта жандана бастады. Тиісті қаржы көздері қарастырылып, мәдениет ошақтары кезең-кезеңімен қалпына келтірілді. Ал бүгінгі Шымкент, қалай десек те кешегі Шымкент емес. Күн өткен сайын экономикасы да, мәдениеті де, әдебиеті де, өнері де өсіп-өркендеп келеді. Атақты композитордың «Әнім сен едің» әні де кейде осы қайнаған, жайнаған Шымкент шаһарына арналғандай көрінеді. Әнім сен едің…

Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Түркістан облысына жасаған әр сапарында Шымкент қаласына қайрылмай кетпейді. Бұл дегеніміз, экономикасы мен мәдениеті дамыған мегаполистің, оның тұрғындары мен әкімдігінің ілкімді істерінің нәтижесі болса керек.

 

Ерсұлтан ӘМІРБЕК