ҚАТЫГЕЗ БАЛА – ҚОҒАМНЫҢ БІТЕУ ЖАРАСЫ

60

Бүгінде балалардың қатыгездігіне жиі бас шайқайтын болдық. Қуыршақ ойнайтын жаста қылмысқа барып, балдырған шақта қатарластарына озбырлық көрсететін балабақшадағы көріністер жағаңды ұстатпай қоймасы анық. Кінәні басбұзар баланы тәрбиелеген ата-анаға артамыз ба, әлде жүгенсіз кеткен жасөспірімдерді жауапқа тартқыза алмаудың салдарынан іздейміз бе? Балдырғандар бұзақылығы Осыдан біраз жыл бұрын Қарағанды облысында қуыршаққа таласқан балдырғандар құрбысын буындырып өлтіріп, мәйітін суға лақтырып кеткен еді. Былтыр талдықорғандық төбелесқұмар жасөспірім қыздардың сұмдығы мен өскемендік кәмелет жасқа тол­маған бір топ қыздың қатар­ла­сына әлімжеттік жасап, аяусыз соққыға жығып жатқан көрінісін жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Екі оқиғада да жұдырықты аямай сілтеп жатқандар – жасөспірімдер. Оның артын ала бере қызылордалық жеткіншектердің әрекеті жұрт­ты шошытты. Биыл дәл осы Қызылордада бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген жасөс­пірім­дер­дің жасаған қылмысы елді есеңгіретіп тастады. Осы оқиғада қала мектептердің бірінде бір топ жоғары сынып оқушысы ақпан айынан бері сыныптас қызын сексуалдық құлдықта ұс­тап, жезөкшелікке салған. Ең сұм­дығы, қатарласын сатып пайда тапқан қаскөйлерге ата-аналары да атсалысқан. Ал жақында үш ай бұрын көр­ші­нің дәретханасына түсіп қайтыс болды деген 3 жасар Асылымның өліміне қатысты жаңа дерек шықты. Кейбір дерекке сүйенсек, Түркістан облысының шағын ғана Сіргелі ауылында тағы бір балдырған дәретхана шұңқырына құлай жаздап, аман қалыпты. Бір ажалдан аман қалған 5 жасар қыз Нұрай сол күні өзін кім қорқытқанын, қайда шақырғанын, буындырып ұрғанын айтып берген екен. Сөйтсе, аядай ғана ауыл жұртын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған ауыр қыл­мыстың артында үш жасар Асылымның өз көршісі 16 жастағы қыз тұрған. Муғтазила ағымының қалыптасу кезеңдері: тарихи талдау 26.08.2024 Зайырлы елдің талабы – заңға бағыну 26.08.2024 Естіген жұрттың сай сүйегін сыр­­қыратар сорақылықтарды жіп­ке тізе берсек, бүгін бітпес. Буыны бекіп үлгермей жатып жа­уыз­дықты бойына сіңі­ріп, қолын қанға малып жатқан жас­өспі­рім­дерді жөнге салудың жолын іздеп жүргенде, бала­бақ­ша­дағы әлімжеттіктің де азаймай отырғаны көңіл құла­зы­тады. Мәселен, Атырау облы­сын­да­ғы балабақша балдырғандары ұйық­тап жатқан балдырғанды тұрғызып алып, жарты сағат бойы жабылып сабап тастаған. Тіпті балалардың бірі жәбірленушінің үстіне шығып секірген. Мұндайда бала дейміз ғой, баяғы. Бірақ кейде «бала ғой» деп бастан сипап, бұза­қылығын батырлыққа балай­тын тәрбиенің бір ұшы басқа ти­ген­де бәленің қайдан келгенін түсін­бей аң-таң қалатынымыз да бар. Үлкеннің ұстанымы кішіге «үлгі» Психологтердің пайымынша, жасөспірімдер арасында күш-қуаты тұрғысынан беделді болу білімділіктен әлдеқайда пәрменді көрінеді. Қазіргі ата-аналардың өзі де спорт секцияларына балаларын төбелесіп үйрену мен қорғану мақсатында береді екен. Екінші жағынан отбасында сүйіспеншілік пен мейірімді сезінбей, назардан тыс қалып жүрген жас­өс­пі­рімдердің мінезі қиындау болады. Ал қиын баланың түбі қылмысқа баратынын психологтер жиі айтып жүр. Мәселен, елімізде биыл алғашқы төрт айда кәмелетке толмағандарға қа­тысты мыңға жуық қылмыс, 11 мыңға жуық әкімшілік іс тіркелген. Осыдан екі жыл бұрын Астанада жасөспірімдердің қатысуымен болған 200-ден аса қыл­мысқа жасалған талдау құқық бұзу­шы­лық­тың басым көп­шілігін жағдайы жақсы отбасынан шыққан балалар жасағанын көр­сеткен. Яғни 150-ге жуық әртүрлі құқық бұзушылыққа осын­дай бақуатты отбасында тәр­­бие­ленген жасөспірімдердің қатысы бар екені анықталыпты. Бала­лар көбіне ұрлық, ақша боп­салау мен өзінен кішілерге әлім­жеттік көрсету сипатындағы қыл­мыс­тарға барған. «Буллингтің түрі көп», дейді психолог Айгүл Рақымжанқызы. Бүгінгі балалар «өзін көрсетуге» көбірек жұмыс істейді. Оның артында мықты екенін сезіндіру, өзіне көңіл аударту тұр. Маман­ның айтуын­ша, агрессор көбіне әлсіздерге әлімжеттік көр­се­ту­ге ұмтылса, ата-анасынан әлім­жеттік көріп отырған бала мектепте әлсіз­дерге қатыгездік көрсету ар­қылы өзіндік ішкі уәжін қана­ғат­тан­дыруға талпынады. «Көп балалар өзінің ішкі әлеуетін дамытуда қиындық көріп жатады. Ішкі әлеуетін толтыра алмаған балалар жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүруге бейім. Көбіне әлеуметтік желілерде тез қаралым жинап, тез атақты болуға талпынады. Қазіргі қоғамның назары осындай резонанс туғызатын оқиғаға әуес екенін олар да жақсы біледі. Сондықтан көзге түсудің төте жолы – қатыгездік деп біледі. Осындай әрекеті арқылы жарнама жасап, «мықты» екенін көрсеткісі келеді. Шын мәнінде олардың негізгі психологиялық өзгерістерінде қатыгездік жоқ болуы да мүмкін. Олар тек үлкен­дер­дің өмірлік ұстанымдары мен сценарийлерін қайталайды», дейді А.Рақымжанқызы. Психолог Серікгүл Сали да әріп­­тесінің айтқанымен толық келі­­седі. Өйткені балалар ересек­тер­дің әрбір қадамын айна қатесіз қайталауға үйір. Сұмдық оқи­ға­лардың түп себебіне үңіл­сек, қа­тыгез баланы бүгінгі ата-ана, қазіргі қоғам тәрбиелеген. «Бала­лар сексуалдық сипаттағы эротикалық бейнероликтерге түрлі ақпарат құралы мен әлеу­меттік желіде оңай әрі ашық қол жет­кізе алады. 12-13 жастағы бала­ларда мұн­дай көрініске құш­тарлық бол­ма­ғанымен, көр­­генін қызық ре­тінде қайта­лауға құмарлық сезі­мі артады. Мұндай дүниелерді көру­дің өзі баланың тәрбиесіндегі сезімнің жетіспеушілігін көрсетеді. Ата-ананың махаббатын толық сезінбеген балаларда сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттерді жасауға деген қызығушылық оянып тұ­рады. Біреуге сексуалдық жәбір көрсету осыдан басталады. Бұл бассыздыққа жол бер­меудің жолы – балаға кітап оқыту, әңгімелесу арқылы тәрбие­леу», дейді маман. Бұдан бөлек, ересектер балалардың көзінше балағат сөздер айтып, ашық ұрыса берудің, түрлі отырыс­тарда жыныстық қатынас туралы әртүрлі әңгімені айтуға бол­май­тынын ескермейді. Психо­логтің айтуынша, бұл баланың көзінше жыныстық қатынасқа түсумен пара-пар. Себебі үлкен­дер­дің өмірлік ұстанымы баланың бойындағы ар-ұятты жоғал­тады. Ал ұяты жоғалған баладан арлы іс күтуге болмайтыны белгілі. «Қатыгездікті көрген бала оны қайталауға құмар» Астана қаласы Байқоңыр аудандық полиция басқарма­сы­ның Ювеналдық полиция бөлімшесінің учаскелік инс­пекторы Гүлзада Сатыбаева бұза­­қы­лықтың себебін шектеуі жоқ интернеттегі әдепсіз бейне­кө­ріністердің көп әсер ететінін жасырмайды. «Қазір балалар интернеттегі әртүрлі роликтерді, әлеуметтік желілердегі түрлі маз­­­мұндағы жазбаларды көреді, оқиды. Олардың не көріп, не оқып жатқанын тексеріп жатқан ата-ана, не мұндай сорақы дүниелердің жариялануын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Заңды түрде ты­йым салынбаған. Сол қатыгездікті көр­ген бала естіген, көргенін қай­талауға құмар. Кейбір кіш­кентай балалардың жадында көр­гені тез сақталып қалады. Күн­дердің күнінде осы жадында сақ­талған ақпаратты шығарады. Әсіресе ашуланған кезде көрген дүниесін қайталайды. Екіншіден, қазіргі ата-аналардың қолы бос емес. Тіршіліктің қамымен жү­ріп баланы смартфонға бай­лап бердік», дейді Гүлзада Сабырқызы. Оның айтуынша, биыл бас бос­тан­ды­ғынан айыру және бас бос­тан­ды­ғынан шектеу жазасы көбейіп отыр. Сондай-ақ учаскелік инс­пектор балалар жа­сайтын қыл­мыс­тардың арасында ауыр қыл­мыс­тар­ға баратын оқи­ға­лар жиі­леп кеткенін де жеткізді. «Екі жыл бұрын Өндіріс шағын ауданы тұрғыны көрші үй бала­сының үстінен шағым тас­­та­ды. Ұрған баланың жасы бар болғаны сегізде екен. Оның мұндай әрекетке ба­руын біле келе, оның қатыгездігі үйдегі тәрбиеге келіп тірелетінін түсіндік. Ата-анасы да кінәсін мойындады. Сөйтсе, көпбалалы отбасының үлкен ұлына анасы бар махаббатын арнағанымен, әкесі жеткілікті көңіл бөлмеген. Үлкен баланы «ұлым» деп бауырына баспаған. Ал психологтер ұл баланың осы жаста мінезі қалыптасады. Осы уақытта әкесі қасында жоқ болса, оның үстіне материалдық жағдайы жасалмаған баланың бойында қатыгездік пайда болады», дейді Г.Сатыбаева. Сондай-ақ ол буллинг жасауға бейім балалардың көбі жағдайы жақсы отбасылардан шыққанын айтады. Адвокат Айгерім Темірта­сова қадағалаудың басы балдыр­ған­дардың тамашалап жүрген мультфильмдерінен басталу қажет екенін айтады. Оның сөзінше, кішкентай балдырғандарға арнал­ған мультфильм­дердің дені мағы­­на­сыз әрі озбырлықты дәріп­тей­ді. Яғни осындай бір-бірін ату, ұру, алдау, өтірік айтуға үндей­тін кейіпкерлерге ұқсап баққы­сы келетін балалар көп. «Балабақ­ша­дағы балалардың әрекеті сүйікті кейіпкерінің озбырлығы мен үйдегі естіген, көргенін қайта­лау­дан пайда болады. Ал бала бала­бақшада біреуді ұрса, бұл үшін оның әрекеті дұрыс еместігі түсіндірілмесе, мектепте біреуге буллинг жасаса, бұл үшін тағы ата-ана тарапынан жаза болмаса, жауапкершілікті ұмытқан бала бұдан да ауыр әрекетке барады. Себебі оның әрекетінің дұрыс еместігін түсіндіріп, қадағалап, жауапкершілік артып отырған ешкім жоқ. Осындай балалармен жүрген балалардың да ойы бұзылуы мүмкін. Мәселен, ұрған балаға ешқандай жаза берілмесе, демек оның әрекетін өзге бала дұрыс секілді қабылдайды. Қол­да­ныстағы заң­дарға қылмысқа барған бала­ның өзімен бірге толық тәрбие бере алмаған ата-анасын да қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Ал мектеп пен бала­бақ­шада, жұмыс орындарында ата-аналармен бала тәрбие­­сіне қатысты түсіндірме жұмы­сын тұрақты өткізіп, мектеп пен бала­бақша психологтерінің білік­ті­лігін арттыруға жұмыс істеген жөн», дейді заңгер. Қателікке көз жұму қылмысқа жол ашады «Тәрбие – адам тағдырын ше­шеді. Қолданыстағы заңнама­ла­ры­мызда балаға дұрыс тәлім-тәрбие беруде ата-ананы міндет­тей­тін арнайы бап бола тұра, бала тәрбиесінің тізгінін бос жіберіп алдық». Астана қаласы Кәмелетке толмағандар іс­те­рі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанаргүл Алпысбаева осылай дейді. Оның айтуынша, ағаштың жемісі көп болуы бағбанның бау-бақшасын баптауына байланысты болатыны секілді, баланың қатыгездігі отба­сын­дағы тәлім-тәрбиенің әлсіз­ді­гін­де жатыр. Өйткені қазіргі ата-аналар баланың материалдық қанағатын өтеуді тәлім-тәрбие беру­мен шатастырып алды. Өкі­ніш­тісі, бала тәрбиесі түгілі ерлі-зайып­­ты­лар­дың өздері отбасы құн­ды­лы­ғы­нан хабары жоқ. «Бүгінгі жастар отбасын құ­руға дайын болмай тұрып ша­ңы­рақ көтереді. Әсіресе ер адамдардың денінде отбасы алдындағы жауап­кер­шілік жоқ. Барлығына топырақ шашудан аулақпын. Бірақ кейбір ер адамдар отбасындағы мінде­ті­не немқұрайды қарайды. Өкі­ніш­ке қарай, әйелі мен бала­ларының жағдайын жасап алмай тұрып ішім­дік ішіп, құмар ойындарға әуес­тенеді. Балала­ры­ның киімі бүтін­дел­мей, тамағын тойындырмай көше кезіп жү­ре­тін еркектер ел тұтқасын ұс­тайтын ұлды тәрбиелей алмай­ды. Анасының айтқаны өсек, көргені көргенсіз бағдарлама болса, өзі үйде, қылығын түзде көрсетер қыз көбейе береді. Әйт­пегенде алдымызға келетін істерде толық және толық емес отба­сы­нан шыққан жанұялардағы балалардың тәртібі 50/50. Мәселе баланың материалдық жағдайын жасау емес, оның жүріс-тұрысына, мінез-құлқындағы өзге­рістерге дер кезінде көңіл бөлуде жатыр. Балаларға кішкентай күннен бас­тап дене жарақатын келтірмеу керек екенін түсіндірген жөн», дейді ол. Мысалы, әулеттің кішкентайы бұзықтық жасап үлкендерді ұр­ғанда, бұл еркелік ретінде қа­был­­дан­бағаны дұрыс. Өйткені бұл кейін барлығын ұруға болатындай түйсікті қалыптастырады. Судьяның сөзінше, қолданыс­тағы заңдарымызда 16 жасқа тол­ған, есі дұрыс адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Ал кейбір ауыр қылмыс жасаған жағ­дайда 14 жасынан бастап қыл­мыс­тық жаза қарастырылады. Сондай-ақ өзі мін­детін орын­да­маған ата-аналарға 10 АЕК айыппұл салынады. Алайда бұл заңдар қылмыс жасаған балаларға екі жылдан он жылға дейінгі ара­лық­та ғана қылмыстық жаза беруге қауқары бар. Тіпті егер бала бірінші рет ауыр қылмыс жасаса, қазаға ұшырап немесе денсаулығына ауыр зиян келмесе, жәбірленуші кешірім берген жағ­дайда қылмыскер қыл­мыстық жауап­­тылықтан босатылуы мүм­кін. Демек бұл да сол, басында айт­қандай «бала ғой» деп бастан сипайтын үлкендердің әрекеті секілді, жасына бола жазадан босатылып кетіп жатады. Олай болса, өткеннен сабақ алмаған, сабақ алуды міндеті санамаған жүгенсіз жасөспірімдердің заң алдында әділетті түрде жауап­кер­шілікке тарт­қызу қажет пе? Бала қа­ты­гез­­дігі кәнігі қылмыскердің әре­­кетінен асып түсіп жатқанда, баланың ісін шалаға балау қанша­лықты дұрыс?
Kazislam.kz