КӘСІПКЕР АУЫЛЫНА АРНАП СПОРТ КЕШЕНІН САЛЫП БЕРДІ
Бүгін Отырар ауданы, Көксарай ауылында демеушілер есебінен салынған жаңа спорт залының ашылу салтанаты өтті. «Толағай» спорт кешенінің ауданы 550 шаршы метрді құрайды. Кешен бір мезетте 100 спортшының жаттығу жасауына ыңғайластырылған. Жыл басында бастау алған спорт кешеніне кәсіпкер 297 миллион теңге қаржысын жұмсаған.
Ел қуанышын еселеген шараға аудан әкімінің орынбасары Сейтжанов Жансұлтан Әділжанұлы арнайы қатысып, игілікті іске бастамашы болып, қолдау көрсеткен жандарға алғысын айтты.
Ол өз сөзінде: «Жалпы ауданда бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы спорттық шаралар назардан тыс қалған емес. Бүгінде аудан көлемінде спорттық сауықтыру кешендерінен бөлек ауыл тұрғындарынының өтінішіне сәйкес ашық спорт алаңшалары ашылып, жастардың дене шынықтырумен айналысып, спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалуда. Киелі Отырар ауданының өсіп-өркендеуі, гүлденуі осы ауылдан шыққан ел ағаларының туған жеріне деген ыстық ілтипаты мен адал еңбегінің арқасында деп білемін. Бүгінгі Көксарай ауылындағы ауыл азаматтарының демеушілігімен салынған «Толағай» спорт залы сөзіміздің айқын айғағы болады деп айта аламын. Ендеше бүгінгі спорттық нысан ауыл жастарының дені сау болып өсуіне, спортпен шұғылдануына, осы ауылдан талай чемпиондардың шығуына себепкер болады деген сенімімді білдіремін»,-деді.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Жансұлтан Сейтжанов кәсіпкер, «Толағай» ЖШС-нің құрылтайшысы Оразхан Жанысбековке аудан әкімінің алғыс хатын табыстап, иығына зерлі шапан жапты.
Сондай-ақ, жиын барысында ұйымдастыру алқасының төрағасы Оралбай Өкшебаев ауыл азаматы, белгілі кәсіпкер Оразхан Кенжеғұлының бұған дейін де жерлестеріне қолдау көрсетіп, тұрғын үй алып беріп, ауылдың көгалдандыру жұмыстарына да атсалысып ауыл халқының ризашылығына бөленіп жүрген азамат екенін айтып, ауыл азаматтарының атынан шынайы алғысын айтты.
Мұнан соң ауыл қариясы Мүтән Раманқұлов елінің бағына туған ерлерді қалай құрметтесе де жарасатынын айтып, ақ батасын берді.
Салтанатты шарада жаңа спорт кешенінің лентасы қиылып, аудан өнерпаздары әннен шашу шашты.
Ашылу салтанатынан кейін Қазақ күресінен 2010-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасында «Көксарай кубогы» республикалық ашық турнирі өтті. Жарысқа Түркістан облысының аудан қалаларынан бөлек Шымкент қаласы мен Қызылорда, Жамбыл облыстарының спортшылары қатысып, бақтарын сынады.