АППАРАТ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

26

Бүгін Отырар ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат қызметкерлері, ауыл округі әкімдері, бөлім басшылары мен тиісті мекеме қызметкерлері қатысты. Аталған мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе көтерілді.

Бірінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Бекмұрат жаңа оқу жылына дайындық және білім саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Отырар аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінің ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық білім басқармасы арқылы қаржы қаралып, мердігерлер анықталған. Бүгінде жөндеу жұмыстары басталып, кезең-кезеңімен іске асуда. Жазғы демалыс күндері де аяқталып, жаңа оқу жылы жақындап келеді. Осыған байланысты аудан басшысы мектептердің жаңа оқу жылына дайын болуы керектігін айтып, жөндеу жұмыстарының уақытылы сапалы жүргізілуін қадағалауды тапсырды.

Аудан аумағындағы құрылыс жұмыстарының барысы туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы М.Есінбек баяндаса, 2025-2030 жылдарға арналған ауданның стратегиялық даму жоспары туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.Сыздық хабарлама жасады.

Мәжіліс барысында көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, алда атқарылған жұмыстар пысықталды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар беріп, тапсырмалардың орындалуы өз бақылауында болатынын жеткізді.