ҮЗДІК УНИВЕРСИТЕТТЕРДІҢ БАЙЛАНЫСЫ НЫҒАЯ ТҮСЕДІ

54

Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауы тарихи құжат: қайсысын алып қарасаңыз да, стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауы да осы тұрғыдан сипатталған: ел өркендеуінің жаңа мүмкіндіктеріне жұмылдырып отыр. Өзінің мәні мен мазмұны жағынан мемлекеттік органдар, бизнес және азаматтық қоғам институттары үшін алдағы кезеңге арналған іс-қимылдардың тұтас стратегиясын  айқындап, нақты міндеттер қойылды.

Мемлекет Басшысы саралап берген бастамаларға қараңызшы: Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою; Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу; Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау;  Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу; Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру; Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту; Экологиялық ахуалды жақсарту; Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру; Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру, тағы басқа да тапсырмасы. Байыпты  бастаманың игілігін тұтастай алғанда бүкіл қазақстандық көрсе, содан кейін ғылым саласы алдағы уақытта бәсекелестікке қабілеттілік тұрғысынан бір қадам алда жүруі керек екеніне ерекше мән берілді. Бұл тұрғыда цифрлы технологияларды терең дамыту қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар Жолдауда айтылған  жаңа салық кодексін қабылдау, көлік логистикасы, темір  жол саласындағы жаңа тариф мәселесі, атом энергетикасының қажеттілігі, жасанды интелект, цифрландыру, табиғатты аялау, туризмді дамыту, су ресурстарын үнемдеу, кадрлық мәселе, білім беруді жетілдіру, бұқаралық спортты дамыту,  әлеуметтік мәселені арттыру, экономикалық ахуалды жетілдіру, мемлекеттік басқару, азаматтардың қаржылық сауатын көтеру жағы қуантты. Міне, білім және ғылым саласын биіктерге  жетелейтін осындай міндеттер көш басынан көрінуге ұйтқы болып, еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет өрісіне шығаратыны сөзсіз.

Президент айтқан еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды. Оның ішінде, экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету, ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізуде. Президенттің айтуынша, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырыс біртіндеп көбейтіледі және үздік университеттердің нақты сектормен байланысы нығая түседі. Жолдаудың құндылығы, міне, осында!

Қорыта айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті халыққа арнаған бұл  Жолдауы  болашақ үшін нық қадам десек болады. Өйткені дамыған елдің  қатарына қосылудың басты факторы – ғылым. Ал экономиканың дамуы ғылыммен тығыз, тікелей байланысты.

                                                           Асыл-Дастан БАЗАРБЕК,

                                                 ЕҰУ физика-техникалық факультетінің

                                                 аға оқытушысы, PһD докторы