ЖАҢА БЕЛЕСТЕРДІ БАҒЫНДЫРУҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын жариялады, онда еліміздің алдағы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының басым мақсаттары айтылды.
Президент өз Жолдауында жаңа салық кодексі, көлік логистикасы, темір жол, атом энергетикасы, жасанды интелект, цифрландыру, табиғат, туризм, су ресурстары, кадр, білім беру, мемлекеттік тапсырыс, бұқаралық спорт, әлеуметтік жағдай, экономикалық ахуал, мемлекеттік басқару сынды мәселелерді өте орынды көтерді. Солардың ішінде Мемлекет басшысы Қазақстанда атом энергетикасының керектігіне бөлек тоқталды. Бұл бүгінгі таңда қойылып отырған өзекті мәселелердің бірі.
Сонымен қатар Президент айтқан еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру мен Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртып, экологиялық ахуалды жақсарту керек деген сөз жанға жағады. Оған заң мен тәртіп туралы тапсырмаларын қосыңыз.
Қысқасы, Мемлекет басшысы халықты толғандырып отырған ең маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше мән беріп отыр. Соның ішінде «Жайлы мектеп» жобасына жеке тоқталды. Жолдауда айтылған барлық мәселелер елімізді жаңа белестерді бағындыруға жетелейді деп сенемін.
Жандарбек МӘЛІБЕКҰЛЫ,
ЕҰУ профессоры, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы