ҮМІТ ШЫРАҒЫН ҰСТАП ӨТКЕН ҒАЛЫМ

29

Бүгін ауданда «Отырар ойшылдары және ҚР ҰҒА академигі, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі» атты конференция өтті. Тағылымды шараға ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, Әбсаттар Дербісәлінің жары Рафия Бәкірқызы қатысты. Конференция қонақтары алдымен «Арыстанбаб» кесенесіне зиярат жасап, Сапар орталығындағы тарихи жәдігерлермен танысты.

Мұнан соң аудандық мәдениет сарайындағы Әбсаттар Дербісәлінің өмірі мен шығармашылығына арналған және Отырар тарихына қатысты көрмесін, сурет галереясын тамашалады.

Одан әрі конференция жұмысының ашылуында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы сөз алып, өзінің көне тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған ұлттың рухани қазығы киелі Отырарда өтіп жатқан шараның маңыздылығын атап өтіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Ол өз сөзінде: «Бүгінгі конференция жұмысының киелі Отырар ауданында өтуі бекер емес. Себебі, Ұлы Отырар – өзінің көне тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған ұлттың рухани қазығы. Өздеріңізге белгілі, 2006 жылы наурыз айында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти, ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің жетекшілік етуімен құрылған делегация Сирияда жатқан Әл-Фараби бабамыздың зиратына оның туған жері Оқсыздан, Отырар жерінен бір уыс топырақ апарып, баба рухына құран бағыштауы, ол жақтан бір уыс топырақ әкеліп, оның туған жері Отырарға арулап қоюы ел рухын асқақтатып, ауданның рухани, мәдени әлемін нұрландыра түсті. Болашақта осы бабаларымыздың еңбектерін одан әрі зерттеп, ғылыми айналымға қосу міндеті алдымызда тұр. Ендеше тарихы терең, киелі Отырар ауданына жасаған сапарларыңыз құтты болсын дей отырып, бүгінгі конференция жұмысына сәттілік тілеймін»,-деді.

Сондай-ақ, жиында ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Құртаев Әлімжан Сейітжанұлы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Темірбекова Жанар Амангелдіқызы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Ислам Жеменей, “Әбу Ханифа медресе колледжінің” директоры Құлмухаммед Маханбет, Қазақстан қажылар қауымдастығының басшысы Еркін Дуанаев, Алматы қаласы, Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Жəнібек Нəлібаев, фарабитанушы Бекжан Бейсенбай, әдебиетші, этнограф, музейтанушы Абдулла Жұмашевтар баяндама жасап, естеліктерімен бөлісті.

Ғылыми танымдық шараны Нұр-Мубарак Египет Ислам Мәдениеті Университеті, Ғылым және инновация департаментінің директоры, PhD докторы, профессор Ықтияр Палтөре жүргізіп отырды. Ол ұстазы, ойшыл, ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің еңбектері мен ғылыми мақалалары басылған кітап-жинақтарды аудандық Әл-Фараби Руханият музейіне тапсырды.

Конференция жиынында Әбсаттар Дербісәлінің жары Рафия Бәкірқызы шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен азаматтарға шынайы алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.