ОТЫРАРДА БІЛІМ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

10

Бүгін ауданда білім беру саласы қызметкерлерінің «DIGITAL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру» тақырыбында аудандық тамыз педагогикалық кеңесі өтті.

Кеңес жиынына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов, аудандағы білім беру мекемелерінің басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынға келген көпшілік алдымен аудандық мәдениет сарайының фойесіндегі білім беру ұйымдарының жетістіктері мен атқарған жұмыстары туралы көрме жұмыстарын тамашалады.

Мұнан соң тағылымды шараның ашылуында мемлекеттік Гимн орындалып, жұмыс регламенті бекітілді. Жиында алдымен аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекмұрат Бақыт Бекмұратұлы баяндама жасап, 2023-2024 оқу жылында ауданның білім саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы атап өтті.

Одан әрі аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов сөз алып, ұлағатты ұстаздар қауымын аудандық тамыз педагогикалық кеңесінің ашылумен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Шара барысында ауданның білім саласындағы жемісті еңбектері үшін бір топ ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің төсбелгілерімен, аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды.

Марапаттау рәсімінен соң ауданның білім саласындағы өткен жылғы атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, алдағы жаңа оқу жылына қойған міндеттер сараланды.

Шарада Отырар ауданының білім бөлімі жанынан құрылған Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жаппарқұлов Пердехан Абайұлы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Құсайынов Асқарбек Қабыкенұлы, М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры Сыздықәлі Айнұр Әбдіғапбарқызы, Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп гимназиясының география пәнінің мұғалімі Қалдыбекова Ботакөз Құтмаханқызы, «Темір» жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Әмзе Нұрсейіт Номанұлы жарыссөзге шығып, заманауи білім беру тақырыбы бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Тағылымды шарада Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп гимназиясының оқушылары ұстаздарына арнау өлеңдерін оқып, шара соңы аудан өнерпаздарының әуезді әнімен қорытындыланды.