ІСТІҢ БОЛАР ҚАЙЫРЫ

29

Өмірдің талабына сай дү­ниеге келген кәсіпкерлік сала­сының жеке азаматтардың да, жалпы елдің әлеуметтік -экономикалық жағдайын жақ­­сартуға да елеулі септігін ти­гізетіні күмәнсіз дәлелденіп отырғаны белгілі. Сондай іскер азаматтардың көбейе түсіп отырғаны да көңілге қуаныш ұялатады. Біздің сұхбатымызға арқау болып отырған көпке танымал кәсіпкер Ақылбек Жорабеков солардың бірі. Олай болса, іскер азаматтың айтқандарына назар аударайық.

— Қазіргі таңда Отырар ау­да­нына белгілі кәсіпкерсіздер. Осын­дай дәрежеге жету үшін кәсіп­керлікті немен бастады­ңыздар?

— Біздің алғашқы кәсібіміз осы ғой. Біз ағайындымыз, інім Ақылбек, мен Қуаныш­бек. Екеуміздің жас айырма­шылығымыз бір жас. Мен сексен жетімін, ол сексен сегізінші жылғы. Екеуміз бір атаның баласымыз, Әкелеріміз ағайынды.

Бұл кафе ашылған кезде мен жұмыс бабымен Қостанай қаласында жүрген болатынмын. Жиырмасыншы жылдары пандемия кезінде осы кафенің ашылуына інім себепкер болды. Содан Қостанайдағы жұмыстарымды бітіріп ауылға келгенімде інім Ақылбек хабарласты. — «Осындай кафе аштым. Жұмыс қарастырсаңыз осы жаққа келіңіз, көмегіңіз керек, осы жұмысты бірге атқарайық!» деді. Содан бірге жұмыс жасасып келе жатырмыз. Басында кафеміз кішірек еді ғой. Халықтың бізге деген сүйіспеншілігінің арқасында Алланың берген ризық несібесімен кафемізді үлкейтіп берекелі жұмыс атқарып жатырмыз Аллаға шүкір!

Бұған дейін сауда-саттықпен айналысып келгенбіз. Мен де, Ақылбек те.  Ақылбек «торговый  представитель» болып жұмыс жасады. Мен Арыс қаласының тумасымын, сол қалада кіші шағын маркет дүкенім болды. Біз солай тәжірибе жинадық. Ағайындар арасында ортақ бір іс болсын деп осы кәсіпті аштық.

— Ағайын тату болса ас көп десек, Сіздер бір әулеттің ағайындысыздар.  Осы екі ағайындыға осы бизнесті бастау қиын болған жоқ па?

— Қиын болды деп айта алмаймын. Біздер бала кезден бірге өсіп, бір атаның қолынан қаймағын жегендіктен аса бір қатты қиындықтар болған жоқ. Қайта бізге жақсы болды. Бір-бірімізге сендік, сеніммен жақсы жетістіктерге жеттік, әлде де жетер жетістіктеріміз, бағындырар белестер көп!

— Бизнесменге кездесетін проблемалар қандай? Бизнес тоқыраған, қиын жағдайға тап болған кездер болды ма?

Қандай кафе болмасын ең бастысы аспазшы жақсы болса болды.  Кейде бізде аспазшының реті келмей, ас мәзірі дұрыс қойылмай, адамдардың көңілінен шықпай қалып жатқан кездер де болды. Көш жүре келе түзеледі демекші уақыт өте келе бұның бәрі жақсы жаққа реттелді.

— Істің болар қайыры,

Бастасаңыз Аллалап.

Оқымаған жүреді,

Қараңғыны қармалап. Ыбырай­ша айтсақ, бизнесмен кәсіпкерге білім қанша­лықты керек, бизнеске қатыс­ты кітап­тар не курстар оқыды­ңыздар ма? Атап айтқан­да кімдердің?

— Әрине білім керек, Білім кез келген салада керек. Мысалы өзімнің оқыған жоғарғы оқу мамандығым: экономика, менеджмент, маркетинг саласы. 2014-2018 жылдары Түркістан қаласындағы Қазақ-Түрік университетінде оқыдым. Сол оқыған мамандығым осы салада алдымнан кездесті.

Ақылбек бухгалтерия, яғни есепші мамандығын оқыған. Маған қарағанда құжат жағынан пысықтау. Адамдармен тез тіл табысып кетеді. Ал менің мінезім сәл-пәл ауырлау. Жалпы біз бизнеске қатысты жеке курстарды оқыған жоқпыз, бәрі сол өмірлік тәжірибемен, өмірлік көзқараспен жасалып келе жатқан дүние.

— Біздің аудан орталығында кәсіпорын, бизнес орындар көптеп ашылып жатыр, оған тәубе десек те аудан орталығына тағы қандай бизнес кәсіпорындар жетіспейді деп ойлайсыз?

— Дүкендер жағы жақсы дамып тұр. Ауданда азық-түлік халыққа жеткілікті, қол жетімді бағада. Заман талабына сай кафелер де көптеп ашылуда. Көптеп ашылғаны бізге де, халыққа да жақсы. Бәсекелестік тудырады, бәсеке бар жерде жоғарғы сапа да бар. Бәсекелестік болмаса сапа да болмайды.  Аудан орталығына кішкентай балаларға арналған ойын – сауық орталықтар жетіспейді. Жаз айларында балалар демалатын бассейндер жетіспейді. Жастарымыз бос жүрмейтіндей интеллектуалды және физикалық жағынан дамытатын бизнес-кәсіпорындар керек.

— Белгілі бір істі бастау үшін,  бастаған істі ары қарай жалғастыру үшін,  ең алдымен жасақ, яғни команда керек. Осы тұста кәсіпкер өзіне керекті мамандарды қалай тарту керек?

— Кафеміз ашылған кезде бізге келген мамандар әлі күнге дейін 70%, сол мамандармен жұмыс жасасып келеміз. Олармен бір отбасындаймыз, ұрсатын жерде ұрсып аламыз, кемістікті айтатын жерде айтып аламыз. Кафедегі қыздар өз қарындасымыздай жақсы көреміз. Кейде бізге еркелейді!

Кәсіпкер өзіне керек маманға ыңғайлы жағдай жасау керек. Лайықты ай сайынғы айлық ақысын кәсіпкер уақытылы төлеп тұруы керек. Ұжым арасында сыйластық, татулық, ауызбіршілік болғаны жөн. Бұндай талаптарды біздің Кафе берік ұстанған. Сондықтан біздің кафемізден жұмыс сұрайтындар көптеп кездеседі.

— «Отырар» кафесінің басқа кафелерден ерекшелігі неде?

— Шынымды айтсам басқа кафелерге барып көрмеппін. Дегенмен де халықтың көбі біздің кафеге келуге ынталанып тұратын сияқты. Бірінші назарда тазалық қой, сосын ас мәзірінің жақсы болғаны және отырған жердің ыңғайлылығы, жайлылығы керек. Кафенің ерекшелігі орналасқан жері деп ойлаймын. Кафеміз аудан орталығында орналасқандықтан адамдар оп – оңай келіп кете алады. Біз тағамның жақсы болғанын, жоғарғы сапада болғанын және тазалық жағын қадағалап бақылап отырамыз, жұмысшыларымыздан талап етеміз!

— «Отырар» кафесінде арақ-шарап ашылмайды.  Бұндай ұстанымға не себеп, бұндай ұстаныммен келетін клиенттерден айырылып қаламыз деген қорқыныш жоқ па?

— Басында арақ-шарап міндетті түрде болады, онсыз отырыс та, онсыз туған күн, бас қосулар өтпейді деген ой да болды, … солай жасап та жүрдік. Кейіннен Алланың берекетімен, Алланың қалауымен сондай бір ой келді.  Сөйтсек ол дұрыс емес екен. Арақтың жүрген жерінде береке жоқ, арақтың жүрген жері берекетсіз.  Біз ойладық, арақты алып тастасақ бізге келетін адамдар азайып кетеді, саудамыз төмен құлдырайды деген ой, қорқыныш болды. Кейін Ақылбекке айттым. Арақ-шарапты ас мәзірінен алып тастайық. Таза… отбасылық, балаларын ертіп келетін, жастар жүре алатындай, шәй үстінде әңгіме дүкен құрып отыратын кафе қылайық дедім. Ол да бір ауыздан келісті. Осылай жасасақ дұрыс болатын сияқты деп. Сонымен былтырғы Рамазан айынан бастап арақ шарап сатуды тоқтаттық, ас мәзірінен алып тастадық. Ішкізбеуге де тырысамыз! Енді бірлі-жарым адамдар арақты тығып әкеліп ішіп кететіндер де бар, оны да қадағалап отырмыз, көргеніміз, білгеніміз болса ескерту жасап жіберіп жатырмыз. «Біз ондайдан бас тартқанбыз. Жақсы отырып, жақсы әңгіме-дүкен құрып ниеттеніп отырыңыздар» деп. Аллаға шүкір! Арақ-шарапты сатуды тоқтатқалы бері сауда төмен құлдыраған жоқ, керісінше жоғарылады. Қарыз-парыз деген қағаздар көп еді, оның барлығы жойылды. Берекелі істің үстіне берекеміз арта түсті. Арақсыз тіптен жақсы болды!

— Адами құндылық дегенді қалай түсінесіздер?

— Ең бірінші адамның жан-дүниесінің әдемілігі, ой-өрісінің әдемілігі, ақыл парасаты мен көркем мінезділігін бағалай білуі. Адами құндылық сол деп ойлаймын.

— Бақытсыз сәттер бақытты сәттердің қадірін білдіреді десек, өмірде құлаған кезде қайта тұрған сәттерден сыр шертіп берсеңіздер!

— Өмірде басыңа қиындық келсе оны жақсы оймен көтере білуің керек. Ал сағың сынып жаман ойға ерік берсең түбін жамандықпен аяқтайсың. Ең бастысы жақсы ойдан айнымау керек. Басқа айтарым жоқ.

— Ашық-жарқын, шын ықыласты әңгімеңізге біз де шын көңілден алғыс айтамыз. Еңбектеріңізге мол табыстар тілейміз. Халықтың алғысына бөлене беріңіздер.

 

Сұхбаттасқан: Тұрсынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ.