БОЛАШАҚ ҮШІН НЫҚ ҚАДАМ

87

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын  мұқият тыңдап шықтым. Мұнда мемлекетті  дамытудың барлық мәселелері қамтылған. Соның ішінде Мемлекет басшысы «Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және қаржылық, техникалық саланы қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек» деп атап өтті.Бұл дұрыс деп санаймын.

Егер заң қабылданатын болса, онда қай банктермен жұмыс істеу керек деген секілді маңызды тақырыптар бойынша егжей-тегжейлі ақпараттар айтылады. Бұл қазіргі таңда көкейкеті мәселе болып тұр. Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан Президент қазір республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатқандығын ашық айтып, қазына қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса қажет емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғаруды тапсырды. Соның ішінде көп қаржы мемлекеттік органдардың әртүрлі форумдар өткізуге, әлеуметтік зерттеулер жүргізуге, іссапарларға шығуға арналған әкімшілік шығыстарын қысқарту, әкімшілік ғимараттар салу және оларды жөндеу жұмыстары сияқты аса маңызды емес жобалар мен іс-шараларды қайта қарау есебінен үнемделген. Дегенмен бұл ретте әлі де ойланарлық мәселелер жетерлік. Мұның бәрі Мемлекет Басшысы саралап берген тапсырмалар мен бастамалар. Мұның бәрінде өмір мәні мен шындығы жатыр.

Ел Президенті басты мақсат – әр қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру деді.Ең алдымен Үкімет пен Ұлттық банкке ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жоюды тапсырғандығының маңызы зор. Өйткені кейінгі кезде нақты секторға несие ойдағыдай берілмей жатқаны, шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін таппағандығы жөнінде сыни ескертпе жиі айтылып жүргенімен, оған екінші деңгейдегі банктердің құлақ асқаны шамалы. Мұның өзі еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігін арттыруға кедергі болып келді. Осы орайда Мемлекет басшысы: «Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидентіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным», дей келіп, банктер туралы жаңа заң қабылдауды ұсынғаны – нақты да пәрменді шара. 

Шығыстағы Қатон-Қарағай, Зайсан, одан әрі Алакөл мен Балқаштың әсем табиғат аясында туристік әлеуетті арттыратын әуежайлар салып, бірнеше  адамдық, шағын ұшақ туралы бастама да көптің көңілінен шыққаны анық. 

Президенттің тапсырмасына сәйкес биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымда – 12 мың шақырымға жуық автомобиль жолы салынып және жөнделіп жатыр. Бұл ретте жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырым облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның да маңызы зор. Осыған орай Мемлекет басшысы аталған бағдарламаны кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырды. Бұл – әсіресе қысы-жазы жол машақатын көріп, қиналып жүрген шалғай ауылдардың тұрғындары үшін үлкен жақсылық болмақ.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру өте маңызды екеніне тоқталды. Атап айтқанда, экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету, ең алдымен, су, энергетика, құрылыс, көлік-логистика және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керектігін атап өтті. Бұл еліміздің осы саладағы жоғары білім мен ғылым ісіне үлкен серпіліс әкелері сөзсіз. Президент баса назар аударған отын-энергетика салаларында ЕҰУ-дың көлік-энергетика факультеті ғалымдарының айтарлықтай жетістіктері бар, олар бұл бағыттағы ғылыми ізденістерін жалғастырып,  энергетикамен қатар көлік-логистика саласына да өзіндік үлестерін қосуға әзір.

Президент өз Жолдауында жаңа салық кодексі, көлік логистикасы, темір  жол, атом энергетикасы, жасанды интелект, цифрландыру, табиғат, туризм, су ресурстары, кадр, білім беру, мемлекеттік тапсырыс, бұқаралық спорт,  әлеуметтік жағдай, экономикалық ахуал, мемлекеттік басқару сынды мәселелерді өте орынды көтерді.  Солардың ішінде Мемлекет басшысы  Қазақстанда атом энергетикасының керектігіне бөлек тоқталды. Бұл бүгінгі таңда қойылып отырған өзекті мәселелердің бірі.

Сонымен қатар Президент айтқан еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру мен Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртып, экологиялық ахуалды жақсарту керек деген сөз жанға жағады. Оған заң мен тәртіп туралы тапсырмаларды қосыңыз.

Қорыта айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған бұл  Жолдауы  болашақ үшін жасалған нық қадам десек болады. 

 

Құралай БАЗАРБЕКҚЫЗЫ,

ЕҰУ экономика факультетінің доцент міндетін атқарушы, Философия докторы (PhD)