ҒАЛЫМДАР ЖОЛДАУДАҒЫ АЭС САЛУ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

60

Шымкенттегі іргелі оқу орындарының бірі М.Әуезов атындағы ОҚУ-да Президент Жолдауында айтылған келелі мәселелер талқыланды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, университеттің Басқарма төрағасы — ректордың міндетін уақытша атқарушы Қайрат Нұрманбетов, университет ғалымдары, студент жастар қатысты. Елдің болашағы жастар десек, кездесудің де басты мақсаты президент Жолдауын жастар арасында насихаттау болды.

Талқылаудың негізгі тақырыбы — Қазақстанда АЭС салу мәселесі. Баяндамашылар АЭС-ті пайдаланудың халықаралық тәжірибесіне және оның еліміздің энергетикалық секторын дамыту үшін маңыздылығына ерекше назар аударды.
– Президент Жолдауында сан-алуан тақырыптар көтерілді, әлеумет, салық, жасанды интелекті дамыту, барлығы өзекті мәселелер болды. Соның ішінде ең маңыздысы елімізде АЭС салу мәселесі болды. Қазір үлкен өндіріс орындарында энергия тапшылығы сезілуде. Алдағы уақытта бұл мәселе күрделене түсетіні анық. Сондықтан бұл мәселенің алдын алу үшін заманауи, қауіпсіз, табиғатқа зияны жоқ энергия көздерін қарастыруымыз қажет. Президентіміз АЭС салу мәселесі бойынша референдум өткізу қоғамда бір жылдан бері талқыланып жатқанын айтып, бұл «азаматтардың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім» деген болатын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша халықпен бірлесіп, ойласып, талқылай отырып шешім қабылдау керектігін айта келіп, референдум 6 қазанда өтетіні белгілі болды. Бұйырса енді ел болып, белсенділік көрсетіп, сол референдумға атсалысайық, – деді Сәрсен Абайұлы.
Сонымен қатар, жиында баяндама оқыған ғалымдар атом энергетикасының көптеген елдердің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап, АЭС энергиясы тұрақты және экологиялық қауіпсіз екендігін, әлемде атом стансалары дамыған технологиямен салынғанын алға тартты. Сондай-ақ, елімізде атом энергетикасы бойынша маман тапшылығы туралы пікірлер де айтылды.
Өз кезегінде АЭС тақырыбында баяндама оқыған профессор Рамиль Илясов АЭС жұмысын ғылыми тұрғыдан түсіндіріп, халық арасындағы атомға байланысты орын алған фобиядан арылуымыз керектігін айтты.
Іс-шараға қатысқан студент жастар да атом энергетикасы туралы өз пікірлерін білдіріп, ашық сұрақтар қойды. Талқылау соңында қатысушылар Қазақстанның дамуында жаңашылдыққа, тұрақтылыққа ұмтылу жолында референдумның ашық, әділетті өтуіне жұмыла атсалысамыз деген ойларын білдірді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

«Шымкент келбеті»