Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру маңызды қадам
Түркістан қаласының тұрғындарының назарына сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, оның тәуекелдерін жою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы дамыту бағытында елімізде атқарылып жатқан түрлі шаралар туралы мәләметтерді ұсынамыз. Қазіргі таңда қоғам алдындағы өзекті мәселелердің бірі — сыбайлас жемқорлық. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиянын тигізеді. Яғни, осы келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе екені айқын. Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық. Оған тоқтау қоймаса мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайды. Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке бір болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттырудың маңызы зор. Бұл дерттің жаппай жойылмау жолын халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастырудан бастауымыз керек. Ендеше, халыққа жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынуына және орындауына көмектесудің алғышарттарының бірінен саналады. Сыбайлас жемқорлық — заман ағысымен бірге өсіп — өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Алайда, халық парақорлық дертімен жиі кездеседі. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Қоғамдағы көкейтесті мәселе болып, өзек жарды проблемаға айналып отырған сыбайлас жемқорлық — ел ішіне білінбей кірген індет, жау. Ал біздің осы жауға қарсы қолданар қаруымыз — қоғам. «Қоғам — өмірдің айнасы» дейміз. Айналамыз таза болса, өзіміздің әсемдігіміз еріксіз байқалады. Сондықтан да қоғам қарсы болса, жай емес, түгел қарсы болғанда ғана бұл індетті жоймақпыз. Бұл індетті жою бәріміздің міндетіміз. Жемқорлық қоғамға ғана залалын тигізіп қоймайды. Сіздің өміріңізді құрдымға жіберер кесапат. Тіпті, оның өзі үлкен бір сала болып алғандай. Сала дейміз-ау! Ішінара тармақтарға да бөлініп кеткен. Білім саласындағы жемқорлық, құқық саласындағы жемқорлық, тағысын-тағы. Ақпарат тасқынында судай бұрқырап аққан бұл кесапатқа жоламауды, оны жолатпауды көздейік. Кінәлі адамдардың қылмысын әшкере ету де жемқорлықтың алдын алу болып табылады. Заңда көрсетілген жемқорлық жайлы фактілерді оқи отырып, түбегейлі танысып көргеніміз артық болмаса, кемдік етпейді. Өркениетті дамытқысы келетін, ортасын құрметтейтін әр азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі. Ол әр азаматтың басты парызы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұрт болып жұмыла қарсы тұру,оны насихаттау ісі де ұшан-теңіз септігін тигізеді. Әлбетте, бірлесіп жасалатын бұл қылмысқа тосқауыл болуымыз керек. Өркениетті алға жетелейтін бағытты ұстанып, артқа тартатын шырмаудан түрлі бәле — кесапаттан сақтанып, жаман дертті балаққа шығармайтындай халде болашаққа нық сеніммен қадам басайық. Қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік дамыған мемлекеттердің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып — парасат биігінен көрінуге тиіспіз. Ол үшін кез келген адам санасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыруымыз керек.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет — бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілетін айтады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз, ол сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтиды. Ол жеке тұлғаның жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет — ол жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция. Сыбайлас жемқорлықсыз қоғамды құруда отбасынан алынатын тәрбиенің маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау қоғамның түрлі салаларын қамтиды, оның ішінде, әсіресе, білім беру мекемелеріне жүктелетін жауапкершілік аса жоғары. Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында: «Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал», делінген. Мұнда өскелең ұрпақтың жастайынан құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеу міндеті қойылып отыр. Өйткені, азаматтардың өз құқықтарын жақсы білуі қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына бірден бір ықпал ететін фактор болып табылады. Мұның бәрі елімізде құқықтық мемлекеттің іс жүзінде орнауына, заңның үстемдігіне, әр адамның қауіпсіз өмір сүруіне, қоғамдық тәртіптің нығаюына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына, ең бастысы ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға жеткізеді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор.
Жалпы айта келгенде, егер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың этностық ерекшелігі ретінде ұлттық мәдениетті мысалға алсақ, отбасында балаларды еңбекқорлыққа, қанағатшылдыққа тәрбиелеу дәстүрі әрқашан да болған. Сондықтан отбасында ұлттық тәрбиенің негізі, адамгершілік пен іс — әрекеттің өзегі ретінде адал еңбек басым болуы тиіс. Сонда ғана отбасы деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тосқауыл қоя аламыз. Бұл тосқауыл осы мәселені заңдық реттеуге қарағанда мықтылау, тиімдірек. Сыбайлас жемқорлықпен күресте әрбір адам өзінен бастауы тиіс. Ол қандай қызмет саласында отырса да, сол қызметінде «Мен еліме не беремін, осы қоғамның, мемлекеттің дамуы үшін қандай үлес қосамын», — дейтін болса, өз жұмысына, айналасына әділ қарап, таза жұмыс істегенде ғана осы кеселді толық жеңе аламыз деп есептеймін. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дертті тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа қарсы тұруға болады.