Жемқорлық — қоғамды өсірмейтін дерт
Еліміз тәуелсіздік алғалы едәуір жетістіктер мен табыстарға жетті. Мемлекетіміз саяси-экономикалық дамуы жағынан он жетістіктері мен көзге түсті. Бұл Қазақстан халқынын бірлігінің ынтымағының, халықтар достығының көрінісі. Алайда, болашақ дамуымызға едәуір кедергі келтіретін теріс құбылыс — сыбайлас жемқорлық екені баршамызға белгілі. Сыбайлас жемқорлық — қоғамға жат, елдің өркендеуіне кедергі келтіретін қауіпті әлеуметтік құбылыс. Осыған байланысты мемлекетіміз бұл құбылысқа қарсы бағытталған ұйымдастырушылық шараларды қолға алды. Мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын одан әрі айқындау мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы қабылданды. Түркістан қаласының тұрғындарының назарына сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, оның тәуекелдерін жою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы дамыту бағытында елімізде атқарылып жатқан түрлі шаралар туралы мәләметтерді ұсынамыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАҒДАРЫ» тақырыбындағы жолдауында «Жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмай жемқорлық белең алып тұрған салада кемшіліктер әбден тамыр жаяды. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек» — деп жемқорлық қарсы іс-қимыл басты назарда екенін айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте Президент сыбайлас жемқорлық жағдайларының саны әлі де азаймай тұрғанын атап көрсетті.
Ел Президенті Қ.Тоқаев алқалы жиында бірінші кезекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айта келіп, аталған бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Бұл – менің берік ұстанымым және сайлауалды бағдарламада халыққа берген уәдем. Осы жұмыста ешқандай көзбояушылыққа, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеуге тиіс.Талап қатаң болады. Былтырғы жиында біз нақты іс-қимыл жоспарын айқындадық. Бүгінде бірқатар мақсатты жүзеге асырдық. Қазақстан беделді халықаралық ГРЕКО ұйымына, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болды. Нормативтік актілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізу институтының жұмысы жаңғырды. Қол астындағылардың жемқорлық әрекеттері үшін басшыларын қызметінен босату қағидаты енгізілді. Мемлекетіміздің осы бағытта қолға алған шараларын белгілі халықаралық агенттіктер атап өтуде. Дегенмен, біз бұған тоқмейілсіп отыра бермеуіміз керек, – деді Мемлекет басшы-
сы.
– Халықаралық сарапшылардың айтуынша мемлекеттер пандемияның салдарымен күреске мол қаражат жұмсап жатқан кезде қаржыны мақсатқа сай пайдаланбау және жымқыру қаупі арта түседі. Бөлініп жатқан қаражат мұқият әрі тиімді жұмсалуға тиіс. Бұл – әр теңге өзінің мақсатына сай жұмсалуы керек деген сөз. Әсіресе қазіргі жағдайда еш пайдасы жоқ және қажетсіз іс-шараларға қаражаттың шығындалуына қоғамның қалай қарайтынын көріп отырмыз. Сондықтан мұндай мәселелерге болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, алдын ала мән беру – өте маңызды, – деді Қ.Тоқаев.
Президенттің сөзіне қарағанда, сыбайлас жемқорлықпен ұсталу оқиғалары, олар жөніндегі тиімді жарияланымдар мен көрсетілімдер қоғамды бастапқыда елең еткізгенімен, олардың әсері қысқа болады. Кейін мұндай істер сотта дәлел жетіспегендіктен кері қайтарылса, мемлекеттің жемқорлықпен күрес жөніндегі іс-шарасына қоғамның сенімі әлсірейді.
– Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай күресу, бұл – жел диірменмен алысумен тең. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, медицина саласындағы сыбайлас жемқорлықты тексеру және әшкерелеу жұмыстары пандемия шарықтау шегіне жетіп, дәрі жетпей жатқаннан кейін ғана басталған. Цифрландыру жүйесіндегі заң бұзушылықтар ондаған миллиард ақша шығындалғаннан кейін барып қозғалған. Бүгінде білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік нысандарға қыруар қаржы бөлініп жатыр.
– Бір жылдан кейін осы салаларға бөлінген қаржы жымқырылды, ал жауапты министрліктер көштің соңында қалды демейтінімізге нақты сенімді болуымыз керек. Миллиардтаған қаржы қолды болып кеткеннен кейін, халыққа кінәлі адамдардың ұсталғаны туралы әдемі рапорт бергеннің түкке де керегі жоқ. Бұл бағыттағы жұмысты түбірімен қайта құру керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің барлық бағыттағы жұмыстарына жаңа серпін беру керек деп санайды. Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі әрекетсіздік халықтың наразылығын тудырып, құқықтық нигилизмге әкеп соғады. Дегенмен, жемқорлыққа қарсы белсенді күрестің соңы науқаншылдыққа ұласып кетпеуі керек. Сонымен қатар бұл жауапты және заңға бағынатын мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына кері әсер етпеуі тиіс.
– Біріншіден, сыбайлас жемқорлық жөнінде жүйелі түрде ескертіп отыруға ерекше мән берген жөн. Осыған орай, түрлі саладағы жемқорлыққа жол ашатын жағдайларға сапалы талдау жасау керек. Заң барлық мемлекеттік органдарға түйткілді тұстарды өз бетінше анықтап, жоюға міндеттейді. Алайда бұл жұмыс жүріп жатқан жоқ. Мұндай әрекетсіздік жақсылыққа апармайды. Дер кезінде алдын алу және ескерту жұмысы жүргізілмесе, жемқорлық деген кесел көптеген адамның жарқын келешегіне балта шабуы әбден мүмкін.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте әрекетсіздік азаматтар арасында наразылық пен құқықтық нигилизмнің өсуіне әкеледі. Әдетте, сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары өңірлерде жаппай қылмыстардың орын алуын кездейсоқтық деуге болмайды.
Президенттің айтуынша, аталған мәселеге қатысты жұмыстарды бағалау сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, азайту және мемлекеттік қызмет алудағы кедергілерді жою бойынша қабылданған шаралар негізінде құрылуы керек.
Қ.Тоқаев әрбір басшы өз қызметкерлерінің заң бұзушылығын жасырмауы керек екеніне екпін берді.
– Сондықтан оны тек жазаға тартудан бөлек, ынталандыру да маңызды. Бұл алдын ала жүйелі шаралар қабылдауға айтарлықтай септігін тигізеді. Әрбір әкім және министр жұмсалған қаражатқа ғана емес, оны дұрыс жоспарлауға да жауапты болуға тиіс. Нақ осы тұста сыбайлас жемқорлыққа бару қатері көп болуы мүмкін. Сондықтан әр басшыға жеке жауапкершілік жүктеледі. Бас прокуратураға осындай бағалау жүйесін әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың қызметіне жөнсіз араласуды доғарған жөн. Сыбайлас жемқорлық пен басқару ісіндегі олқылықтардың ара жігін нақты ажырата білу қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, өзіне жауапкершілік алудан қорықпайтын, әділ шенеуніктер қылмыстық процестің орбитасына тартылмауы тиіс. Мемлекеттік аппарат шешім қабылдаудан қорықпауы қажет.
Президент қазір мемлекеттік қызметшілер тарапынан бастама көтермеу, жауапкершіліктен қашып, артық қағазбастылыққа салдыру тенденциясы байқалатынын, мұның мысалы пандемия кезінде анық аңғарылғанын айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, қылмысқа азғырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, бұл норма құқық қорғау органдарының бассыздығын болдырмауға мүмкіндік береді.