ЕРЕКШЕ  ЖАНДАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАУДЫ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ БАСТЫ МІНДЕТТЕРДІҢ БІРІ

13

Жуырда Түркістан қаласы «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында»   қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының  қатысуымен «Түркістан – шексіз мүмкіндіктер қаласы» деген тақырыпта  кездесу өтті.

– Мемлекет басшысы халыққа  арнаған Жолдауында: «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз» деген болатын.Осыған дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мақсатында әкімдік жанынан «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ашылып, бүгінде «Бекзат» мөлтек ауданындағы филиалымен толықты. Қазіргі таңда, осы орталықта азаматтардың бос уақытын тиімді пайдалану, жұмыспен қамту, мемлекеттік грант, біліктілігін арттыру шаралары қарқынды жүргізілуде. Бүгін мен сіздермен кездесіп, өздеріңіздің мұң-мұқтаждықтарыңыз бен тілектеріңізді тыңдауға арнайы келіп отырмын. Біз сіздерді қолдап-қуаттауға әрқашан да дайынбыз, деді  қала әкімі.

Қала әкімімен кездесуге «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығының төрағасы – Еркінбай Шалтан, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрайымы – Әйтек Зәуре, «Туа біткен саңырау мылқау қоғамы» қауымдастығының өкілі – Буниед Ғуламов, сонымен қатар бірқатар «Тең қоғам» орталығының қызмет алушылары қатысты.

Жиында  «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығының төрағасы  Еркінбай Керімбайұлы «Ғизат мотивация» орталығы, сауықтыру қызметтері туралы айта келіп,  шешімін таппаған  түйткілді мәселеге тоқталды. «Бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған монша құрылысы бітпей тұр. (Ол монша кәдімгі моншалардан бөлектеу). Бұл өзі елімізде жоқ жоба. Бұл жобаны ораталығымыздың дәрігері Ғизат мырза Ресейден көріп, жоба сызбасын алып келген болатын. Алайда ол кісі өмірден өтіп кетті.  Біз оны әрмен қарай жалғастырып құрылысты бастап  едік, алайда қаржы болмай тоқтап қалды. Монша бітсе, ерекше қажеттілігі бар жандар ешкімнің көмегінсіз өздері жуынып шығатын еді.  Ендігі кезекте өзіңіз осы құрылысты бітіруге ықпал жасасаңыз» деген тілегін жеткізді. Қала басшысы мүмкіндігінше демеушілер тартып құрылысты аяқтауға уәде берді. Еркінбай Керімбайұлы айтқан  екінші мәселе қалада салынып жатқан жаңа үйлердегі пандустарға қатысты болды. «Барлық үйлерде пандус бар, бірақ ешбірі де талапқа сай емес. Пандустардың көбі геометриялық  тұрғыдан стандартқа сай жасалмаған. (Көлбеу бұрышы 6 градустан аспауы тиіс). Едені тайғанамайтын материалдан болуы керек. Біздегі тіп-тік пандусқа қоларбаны шығару мүмкін емес, ақырында  көтеріп шығаруға мәжбүр болады. Дәріханалардың бірқатарындағы пандустарда  қоларбаның көлемі(ені) есепке алынбаған. Арбамен сыймай. дәрімізді ала алмай сыртта тұрып алғызуға, кісі жұмсауға мәжбүрміз. «Пандус бар ма, бар» деген қағидатпен жұмыс жүрген секілді. Сол себепті құрылыс жұмыстары мониторингтік тобына (комиссияға) бізді мүше етіп сайласаңыздар. Үй құрылысы жобасы мақұлданған кезден, құрылыс басталмай тұрып біз ойымызды, жөн-жобасын айтар едік. Ал, қазір қалай болып жүр? Көбіне үй құрылысы біткен кезде шақырады, ол кезде кеш болады» деді ол. Әкімнің айтуынша, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімімен ақылдасып, жобаны бекіту керек екен. Қала басшысы алдағы кезде құрылыс саласына мониторигтік бақылау жұмыстарын күшейтетінін айтып, бұдан былай  комиссия қатарына өздеріңізді де міндетті түрде қатыстырамыз деп жауап берді.

Қоғам белсендісі, І топ мүгедегтігі бар азамат Мұхаметәлі өз сөзінде Түркістанда зағип жандарға арналған «Шелдон»  спорты  бойынша федерация филиалы ашылғанын, оның жұмысын жандандыруды   ұсынды.  Ол үшін кәсіби алаңша керек, соған қолдау білдірсеңіздер деген өтінішін білдірді. Ал, Еркебұлан есімді жігіт өзінің 4 жылдан бері кәсіппен айналысып жүргенін айтты. Компьютерлік қызмет орталығын ашқан екен. Оның бұл қызметіне көңілі толып, қызыққан, өзі секілді жігіттердің аналары келіп: «менің балам да арбада отырады, қоғамнан тыс қалып барады, үйретесіз бе» деп өтініш айтқан. Сол жігіттерді тартып  бүгінде орталықта 5 азамат (олар да  мүмкіндігі шектеулі жандар) жұмыс істейтінін айтты.  «Сонымен біз қазір бір жағынан компьютерлік қызмет көрсету, екіншіден өзіміз секілді арбаға таңылған жастарды курсқа тартып, оқытып, жұмысқа араласуына тырысып жатырмыз. Жақында жаңа қаладан бір ғимаратты жалға алдық. Ғимаратты жалдау оңай емес, өздеріңіз де білесіздер. Мұхаметәлі екеуміз жан-жақты ізденіп жүріп жақында «әлеуметтік кәсіпкер» мәртебесін алдық. Мәртебе ережесімен танысқанда ғимарат әкімдік тарапынан берілсе жалдау ақысы тегін болады делінген еді. Біздің курстарымызды тоқтатпастан, әрі қарай дамыту үшін ғимарат жағынан жәрдем берсеңіз. Жалпы, жыл сайын Мемлекет басшысы Жолдауларында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қоғамның тең мүшесі ретінде қарап, мейлінше еңбекке араластыруды тапсырады. Алайда, көптеген жұмыс берушілер ықыластылық таныта бермейді. Біз секілді жігіттер жігерлі, жұмысына өте ұқыптылықпен қарайды. Осы жағы да  ескерілсе екен тілегін айтты. Ал, Зәуре Әбдіразаққызы өз сөзінде көптеген мекемелерде зағип жандарға арналған тактильді аяқ жолдар жоқ, бұл бізге қиындық тудырады. Көшелерде дыбысты (сөйлейтін) бағдаршамдар орналастырылса. Үшінші тілегіміз, облыста  1500-дей зағип(оның ішінде Түркістанда 200) жандар бар. Медицина колледжінің ішінен зағиптарға арналған курстар ашылса. Мәселен, массажист курсын ашуға болады. Себебі, көзі көрмей қалған адамның бар қабілеті қолына(саусақтарына) беріледі екен. Көзі көретін массаж жасаушыдан зағип массажшының жасағаны екі есе тиімді болатыны ғылыми дәлелденген. Сондықтан, зағип жандардан медициналық кәсіби білімі бар мамандар даярласа олар сұранысқа ие болар еді. Зағип жандардың арасында да өте талантты жандар көп. Алдағы уақытта зағиптар клубы құрылса, дыбыс жазу студиясы ашылса деген арзу-армандарын айтты.

Қала басшысы барлығын мұқият тыңдап, қойын дәптеріне жазып алып, мүмкіндігінше қол ұшын беріп, қарастыратынын, қолдан келгенінше шешуге тырысатынын айтып жыл қоштасты. Жиыннан кейін қала әкімі кездесуді ұйымдастырып отырған «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы»  КММ жұмысымен танысты.