«ҚАМҚОРЛЫҚҚА» ҮМІТ АРТЫП ОТЫРҒАНДАР КӨП

5

Түркістан қаласында ерекше балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы ашылмақ. Онда аутизм, басқа да менталды бұзылуы бар балаларға түрлі қызметтер көрсетілетін болады.

 

Жуырда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев 2018 жылы салынған ғимаратқа арнайы барып, онда жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Бірыңғай дизайн концепциясына сай жүргізіліп отырған жөндеу жұмыстары  қыркүйекте аяқталады деп күтілуде. Ал, орталық қазан айында ашылады деп жоспарланған. Жалпы алаңы – 2118 шаршы метр. 110 төсек-орны бар мекеменің жабдықтары, жиһазы мен материалдық-техникалық жарақтандырылуы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен бірлесіп жүзеге асырылады.

«Қамқорлық» корпоративтік қоры – жобаның бастамашысы. Олар мамандарды оқытуды ұйымдастырады, 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі аутизм, басқа да психикалық ауытқулары, мүгедектігі бар балаларға түрлі бейінді қызметтер көрсетеді. Оның қатарында АВА-терапия, сенсорлық интеграция, балама коммуникация, эрготерапия, кинезотерапия бар. 100-ден 130-ға дейін маман жұмыспен қамтылады.

Өңірде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты арнайы орталықтар жұмыс істейді. Облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік мекемелерді аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. Қызмет көрсету сапасын пысықтады. Материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесін оңтайлы шешуді тапсырды.

Стационарлық үлгіде қызмет көрсететін №1 Түркістан арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жоспарлы сыйымдылығы – 510 орын. Орталық созылмалы жүйке сырқатымен ауыратын жасы 18-ден асқан I, II топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған. Жарты жылда 509 адамға қызмет көрсетілген. Ғимарат 1976 жылы салынған.

Ал, балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жартылай стационарлық үлгіде қызмет көрсетеді. Жоспарлы сыйымдылығы – 60 орын. Ол 1,5 жастан бастап 18-ге дейінгі I, II топтағы психоневрологиялық ауытқулары бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды күндізгі уақытта оңалтуға арналған. Бір қабатты ғимарат 2001 жылы, ал, үш қабаттысы 2014 жылы салынған. Жыл басынан бері мұнда 103 адамға қызмет көрсетілген.

Балалардың денсаулық жағдайын күнделікті невропатолог, балалар дәрігерлері тексеріп, физио ем береді. Сонымен қатар, логопед маман ымдау тілі, тыныс алу артикуляциясы бойынша және зондпен жұмыстар жүргізеді. Бекітілген стандартқа сәйкес, онда арнаулы әлеуметтік қызметтердің

8 түрі бойынша кепілдендірілген қызмет көрсетіледі.