ШЫМКЕНТТЕ «ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

23

Бүгін Шымкент қаласының орталығындағы Арбат аллеясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылды.

Ауқымды іс-шараға үздік құқықтық сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Акция аясында азаматтарға құқықтық кеңес беру мақсатында Полиция департаменті, прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, қала әкімдігі қызметкерлері, сондай-ақ тәжірибелі заңгерлер мен адвокаттар тартылды.

Шара барысында қала тұрғындары түрлі құқықтық мәселелер бойынша консультация алды.

«Халық заңгері» жобасының басты мақсаты азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, оларға өз құқықтары мен міндеттерін білуге көмектесу, сондай-ақ қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту болып табылады.

Қазіргі заманда әрбір азаматтың өз құқығы мен міндетін білуі – өркениетті қоғамның басты талабы. Алайда көп жағдайда адамдар өз мәселелерін шешу кезінде заңды дұрыс түсінбей, қателіктерге жол береді. Осындай жағдайда көмек қолын созатын ерекше жоба бар – ол «Халық заңгері» акциясы.

Бұл акцияның негізгі мақсаты – қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыру, халыққа тегін заң кеңесін беру және азаматтардың билік органдарына деген сенімін күшейту. Акция барысында әр өңірде арнайы қабылдау пункттері ашылып, кез келген адам өз сұрағын қойып, кәсіби мамандардан нақты жауап ала алады.

Акцияға заңгерлер, адвокаттар, прокурорлар, ішкі істер және әділет министрлігінің өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар қатысады. Олар тұрғындарға жер мәселесі, алимент, тұрғын үй, еңбек құқығы, әлеуметтік жәрдемақы, тіпті қылмыстық істер бойынша да тегін кеңес береді. Бұл — халық үшін үлкен мүмкіндік, себебі көптеген азаматтар ақылы заңгерге жүгінуге жағдайы келмейді.

«Халық заңгері» – тек бір күндік шара емес, ол қоғамның заң мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Мұндай іс-шаралар азаматтардың өз құқықтарын білуіне, әділетке сенуіне және заңды жолмен мәселесін шешуге үйретеді.

Менің ойымша, осындай акциялар елімізде жиі өткізіліп тұруы қажет. Себебі құқықтық сауатты ұлт – мықты мемлекеттің кепілі. Әр азамат өз құқығын қорғауды білсе, қоғамда әділдік пен тәртіп орнайды.
«Халық заңгері» акциясы – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Ол адамдарға сенім ұялатады, көмек береді және әділдікке жетудің жолын көрсетеді.
Сондықтан әрбіріміздің міндетіміз – заңды құрметтеу және өз құқығымызды қорғауға үйрену.