МЕДИЦИНАЛЫҚ ПОЙЫЗ ОТЫРАР АУДАНЫНА КЕЛІП ТОҚТАДЫ

8

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Отырар ауданындағы «Темір» станциясына келіп тоқтады. Ауданда 24 сағат тұрақтайтын медициналық пойыз ауыл тұрғындарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетеді. Еліміздің барлық облыстарын аралап келе жатқан жылжымалы медициналық қызмет көрсету үйі білікті мамандармен қамтылған.

Әлеуметтік жобаның мақсаты – ел аймақтарының шалғай станцияларында тұратын азаматтарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуласу) көмек көрсету.

Мамандарды станция алдынан күтіп алған аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов мамандармен бірге қызмет көрсету барысымен танысты. Аралау барысында биыл ауданға екінші рет келген медициналық пойыздың тұрғындар үшін тиімділігін айтып, халықтың денсаулығы мен құқықтық көмек алуына арналған жобаның маңыздылығын атап өтті.

Атап өту керек, 2013 жылдан бастап «Самұрық-Қазына Траст» және Әлеуметтік жобалар қоры «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп ауқымды «Саламатты Қазақстан» атты әлеуметтік жобаны жүзеге асырып келеді. Жоба шеңберінде шалғай жерлерде орналасқан станция тұрғындары білікті медициналық мамандардан (терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР дәрігері, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог) тегін кеңесі мен ем алуға мүмкіндіктері бар.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен (УЗИ, флюорограф және т.б.), шағын операциялық бөлме, зертхана, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған. Медициналық пойыз шалғайдағы станцияның тұрғындарына емхана, аурухана, медициналық кабинеттер жоқ, жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік жоқ жерде медициналық көмек көрсетеді.

Бұл жобада кез келген азамат барлық мәселелерге қатысты құқықтық, психологиялық және медиативтік ең үздік кәсіби заңгерлерден, психологтардан, медиаторлардан тегін және толық көлемде қажетті көмек пен кеңес ала алады.