ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

9

Бүгін ауданда кеңес төрағасы Көлбай Жалғасбайдың төрағалығымен аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов, тиісті бөлімдер мен мекеме басшылары, кеңес мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынның күн тәртібінде аудандағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және өзге де әлеуметтік нысандардың жылуға қосылу жұмыстарының барысы және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ағымдағы жылы атқарған жұмыстары туралы екі мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты аудандық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Саттар Нәлібай, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай, аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ербол Төлепов, аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаевтар баяндама жасады.

Жалпы Отырар ауданы бойынша денсаулық, мәдениет, білім салаларындағы 144 мекемеге және көпқабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелердің жылу жүйелеріне қысымдау, шаю жұмыстары жүргізіліп, жылуға толық қосылған. Оның ішінде білім саласында 39 мектеп, 2 мектептен тыс мекемелер мен 20 балабақша, мәдениет саласында 1 аудандық ммәдениет сарайы, 25 кітапхана, 7 ауылдық мәдениет үйі,11 ауылдық клуб пен 2 спорт мектебі, денсаулық сақтау саласы бойынша 1 орталық емхана, 1 орталық аурухана, 14 дәрігерлік амбулатория, 8 фельшерлік акушерлік тірек пен 12 медициналық тірек жылумен қамтылған.

Жиында екінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жандос Қуатбек баяндама жасап, 2024 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бөлім басшысы атап өткендей Отырар ауданы көлемінде 2024 жылдың әлеуметтік экономикалық даму жоспары бойынша жұмыс күшінің саны 23 568 адамды құрайды. Оның ішінде жұмыспен қамтылған халық саны 22 392 адам, жалдамалы жұмыскерлер 15142 ал, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұмыскерлер 7250 адам. Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мерекелік күндер мен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындауға аудандық бюджеттен қаржы қаралып, Отырар аудандық мәслихатының шешіміне сәйкес түрлі санаттар бойынша көмектер көрсетілген.

Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері Бегалы Әймішов, Бақытжан Сапарбай, Төрехан Амантайлар білім беру мекемелерінің жылу жүйелеріне қосылуы, қазандықтарды ауыстыру, Мыңшұңқыр елді мекендегі ескі мектеп жайына қатысты сауалдарын қойып, бірқатар ұсыныс-пікірлерін айтты.

Аудан әкімі жиында көтерілген мәселелердің маңыздылығын айта келе, айтылған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып алдағы уақытта жұмыстарды үйлестіруді жауаптыларға ескертті. Сонымен қатар білім беру мекемелерінің жылу жүйелерін газга қосу туралы жұмыстарды жандандыруды, халықтың әлжуаз топтары мен мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін көмектерді бақылауға алып, жұмыстары жүйелі жүргізуді тиісті сала басшыларына жүктеді.