МАҚСАТ – ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МЕН ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ  БІРЛІКТІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МОДЕЛІН ДӘРІПТЕУ

9

Бүгін Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті «Қоғамдық келісім» РММ-нің ұйымдастыруымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық құрылымдарының қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлі» тақырыбында лекторий бастау алды.

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін дәріптеуді көздеген лекторийдің ашылу салтанатына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Лугмар Буларов пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, мемлекеттік этносаясаттың басым бағыттарына тоқталды.

– Біздің алдымызда сан-қырлы міндеттер тұр. Қоғамдағы бірлікті бекемдеу, этносаралық татулықты нығайту, өзара сыйластық пен түсіністікті тұғырынан түсірмеу және азаматтардың ұлтына, дініне қарай ерекшеленуіне, оқшаулануына жол бермеу, – деді Сәрсен Абайұлы.

Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлованың модераторлығымен өткен жиында профессор, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі, Астана қаласындағы «Ахыска» түрік этномәдени орталығының» төрағасы Аскер Пириев, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің департамент директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев, Шымкент университетінің факультет деканы, география ғылымдарының кандидаты Алтынбай Сәулембаев сөз сөйлеп, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің мән-маңызын қатысушыларға түсіндірді.

Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында екі күнге жалғасатын лекторийге республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, қалалық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, медиация кеңесі, журналистер мен блогерлер клубы, «Ассамблея жастары» сынды қоғамдық құрылымдар мен қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттер қатысуда.

Айта кетейік, «Достық үйінде» бастау алған лекторий 13-14 қараша күндері Шымкенттегі Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті мен Академиялық инновациялық университеттің базасында жалғасын табады.