ШЫМКЕНТ: ҚАР ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫНА ТЕХНИКАЛАР ДАЙЫН

10

Шымкент қаласының қысқы маусымға дайындығы күшейтіліп, биылғы жылы қар тазалау жұмыстарына 189 арнайы техника жұмылдырылмақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 техникаға көп. 2023 жылы 155 техника қатысса, биыл олардың саны арттырылып, қаланың барлық аудандарында тиімді тазалау ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, орталық көшелерді қардан тазалауға мердігер ұйымдардың 2000-ға жуық қызметкері де атсалысады.

Мегаполисте жалпы ұзындығы 891 шақырымды қамтитын 443 магистральдық көше бар. Бұл көшелерді тазалауды мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бес мердігер ұйым жүзеге асырады. Алдағы қыс мезгілінде қаланың бес ауданында қар тазалау жұмыстары бірнеше ауысымда жүргізілетін болады.

Аудандар бойынша қар тазалау жоспарлары:

— Абай ауданы: Тазалау жұмыстары сегіз бағыт бойынша жүргізіледі. Жалпы ұзындығы 357,2 шақырымды құрайтын 80 магистральдық көшені қардан тазарту үшін 37 арнайы техника жұмылдырылады.

— Әл-Фараби ауданы: Тазалау бес бағытта ұйымдастырылып, жалпы ұзындығы 147,4 шақырым 109 магистральдық көшені тазалауға 39 техника тартылады.

— Еңбекші ауданы: Бұл ауданда тазалау бес бағытта жүзеге асып, жалпы ұзындығы 221,6 шақырымдық 83 магистральдық көшеге 38 техника жұмылдырылмақ.

— Тұран ауданы: Жұмыс алты бағыт бойынша ұйымдастырылады, 203,3 шақырымдық 111 көшені тазалауға 36 арнайы техника қатысады.

— Қаратау ауданы: Қар тазалау бес бағытта жүргізіліп, жалпы ұзындығы 181,1 шақырым болатын 83 көшені тазартуға 39 арнайы техника жұмылдырылады.

Қыс мезгілінде қарды шығару үшін аудан әкімдіктерімен бірлесе арнайы бос алаңдар белгіленіп отыр. Қаланың жолдары мен тротуарларын мұздан қауіпсіз ету мақсатында қажетті инертті материалдар қоры әзірленді. Шамамен 24 800 текше метр құм мен 13 200 тонна тұз дайындалды. Биыл инертті материалдар қосымша келісімшарт негізінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында сатып алынған.