100-ДЕН АСА ШЕТЕЛДІК АЗАМАТҚА МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТІЛГЕН

19

Бүгінде мегаполисте медициналық туризмді дамыту бағытында кешенді шаралар атқарылып келеді. Былтырғы жылы жергілікті медициналық ұйымдарда шет мемлекеттерден келген 100-ден аса науқасқа ем шаралар көрсетілген. Басым бөлігіне қалалық №2 ауруханада күрделі нейрохирургиялық операциялар жасалған. Жергілікті дәрігерлердің кәсібилігі мен шеберлігінің арқасында Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Швейцария, Ресейден келген азаматтарға жасалған оталардың барлығы да сәтті жүзеге асырылды.

Сондай-ақ қалалық №1 ауруханада Қытай, Өзбекстан, Ресейден келген науқастарға күрделі оталар жасалып, емдеу-диагностикалық тексерулер жүргізілген. Онымен қоса мұнда еліміздің өзге қалаларынан келген 500-ге жуық науқасқа қызметтер көрсетілді.

Диагностикалық орталықта 50-дан астам шетел азаматына консультативтік-диагностикалық — зертханалық, радиологиялық, эндоскопиялық қызметтер көрсетілді. Заманауи құрылғылармен жабдықталған мекемеге жүгінетін шетелдік азаматтар саны жыл сайын 10-15 адамға артып отыр.

«Шымкент жүрек орталығы» қызметкерлері де медициналық туризмді дамытуда шетелдік серіктестерімен белсенді жұмыс жүргізуде. Былтыр емдеу мекемесінде АҚШ, Ресей, Ауғанстан, Тәжікістан мемлекеттерінен келген азаматтарға жоғары технологиялық оталар жасалған.