ЗАҢСЫЗ ОР ҚАЗҒАН АЗАМАТТАРДЫҢ ЖЕРЛЕРІ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛАДЫ

44

Түркістан облысында 2023-2024 жылдар аралығында жер телімінде заңсыз ор қазған 17 азаматқа 1 651 875 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, 1 614 955 теңгесі өндірілді. Одан бөлек, 36 920 теңге мәжбүрлі түрде өндіру мақсатында сот орындаушыларға жіберілді. Сондай-ақ, заңбұзушылықты жою жөніндегі 17 нұсқама табысталды. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы Жамбыл Сапарбеков мәлімдеді.

 

«Айта кету керек, шаруалар өз жерлеріне мал-жануарлар кірмеуі үшін жер заңнамасының талабын бұзып, белгіленген жер телімдерін айналдыра қазып тастайды. Қазіргі таңда осындай заңсыздыққа жол берген 6 азаматтың ісі сотта қаралуда. 2024 жылы 3 000 гектар жер заңсыз қазылған. Бұл жағдай облысымыздың 32 аймағында орын алып отыр. Облыс азаматтарына ескертетін жайт — заң жүзінде берілген жер телімін заңсыз пайдаланған адамдардың жерлері толықтай мемлекет меншігіне қайтарылады»

— деді сала басшысы

Сондай-ақ «Tasbaqa» табиғатты қорғау қорының өкілі Ғани Назарбек заңсыз траншеялардың табиғатқа тигізер кері әсерлері туралы баяндады.

«Жалпы заңсыз траншеяларды қазу мәселесі облысымызда 2019 жылы басталған болатын. Көктем мезгілі басталуымен бүкіл аймақта табиғат оянатыны белгілі. Жеке тәжірибемде көптеген төрт түліктің қазылған орларға құлап мерт болғанын көрдім. Қазіргі таңда жер иелеріне өзіне тиесілі аумақты қазу арқылы емес, темір сымдармен қоршау арқылы қорғану бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде»

— деді табиғат жанашыры