Шымкент: Ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбаған

402

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының бас имамы Б.Әбдірахманов пен бас имамның орынбасары М.Естеміровтің қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы шариғат бойынша вакцина салдыру туралы айтты.

– Ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік», – деді (Ахмад ибн Ханбал). Бұл хадис әрбір дерттің емі бар екенін білдіреді. Әйтсе де ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген кісі зиян көрмейтіні анық, – деді бас имам.

Спикердің сөзінше, ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді.

Брифинг барысында бас имамның орынбасары Мұхамеджан Жамантайұлы вакциналауға қатысты мынадай шарттарға мән беру қажеттігін атап өтті.

– Вакциналау заңды түрде әрі кәсіби мамандардың нұсқауымен жүзеге асуы керек. Бұл мәселе медицинаға қатысты болғандықтан, сол саланың мамандары оны жан-жақты зерттеп, адамның денсаулығына пайдалы немесе зиянды тұстарын анықтап, оны қолдану туралы нақты шешім қабылдауы тиіс. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («Нахыл» сүресі, 43-аят), – деген, – деді бас имамның орынбасары.

Сонымен қатар, вакцина құрамында шариғатта тыйым салынған заттардың болмауы керек. Себебі шариғатта кез келген харам және нәжіс затпен емделуге рұқсат жоқ. Бірақ зәрулік жағдайларда, яғни, екпе қолданбаған жағдайда өміріне қауіп төнетін болса және одан басқа халал түрі табылмаса, бар екпені қолдануға рұқсат етіледі. Өйткені Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» («Бақара» сүресі, 195-аят) – деп бұйырған.

Айта кетейік, жалпы, аурудың алдын алу мақсатында вакциналау – мүбах (рұқсат). Яғни қоғамда жұқпалы (вирустық) аурулар күшейіп, өзіне және өзге адамдарға зияны тию ықтималы артса, сол ауруға қарсы екпе алу қажет болады.