САУРАН: АУДАН ӘКІМІ ЖІБЕК ЖОЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

478

Бүгін Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков 2022 жылдың 9 айы бойынша атқарылған жұмыстарымен және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырма берген болатын. Кездесуде алдымен жеке қабылдау өткізіп, оған ауыл тұрғыны М.Әшенов ауылға жарық шамдар орнату, аяқ жолдар салуды айтты. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Жібек жолы жұртымен кездескен аудан әкімі Ғани Құрмашұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы және оның ішінде Жібек жолы ауылдық округі бойынша кеңінен тоқталып өтті. Бұған дейінгі өткен кездесулерде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің шешілуі бойынша айтып, алдағы уақытта шешімін табатын мәселелерді тілге тиек етті.

Бүгінгі таңда ауыз су мәселесі барлық ауылдық округтерде көтеріліп келеді. Алдағы 2025 жылға қарай барлық ауылдық округтерде 100 пайыз ауыз сумен қамтылатын болады. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, жаңа әкімдік салу, ауылды көгалдандыру, мектеп аттарын ауыстыру, ағын су, кен орындары (кариер) мәселелері көтерілді. Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері бойынша аудан әкімі Ғани Құрмашұлы барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Кездесу соңында бір топ ақсақалға алғыс хат табыстады.