ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСУШЫЛАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында балық шаруашылығына қызыққан кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны болса, оның 82-сі — балық шаруашылығына бекітілген. Саладағы жұмыстармен танысу үшін БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды.
Шарада журналистер әуелі Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында форель балығын өсіретін шаруашылық жұмысымен танысты. «Қанапия Мақсат Нармаханұлы» шаруа қожалығы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6 млн теңге көлемінде қаржы алған. Жоба құны 9,1 млн теңгені құрайтын қожалықта бүгінгі таңда 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, тур аясында аудандағы «Утепов М» мал бордақылау алаңының жұмысы таныстырылды. Ауданға қарасты Бөржар ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалығы жылқы мен ірі қара малын бордақылаумен айналысады. Сонымен қатар, жылына 350 тоннаға дейін ет өндіреді. 2021 жылы жұмысын бастаған қожалықта 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда алаңда 600 бас жылқы және ірі қара мал бордақылауға мүмкіндік жасалған. Жоба құны 500 млн теңгеге бағаланып отыр.
Ауданда жылыжай шаруашылығымен айналысушылар саны да артқан. Мәселен, Шұбарсу ауылдық округінде орналасқан «Ерімбетов А» жылыжай кешені 2017 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қызанақ және қияр өнімдерін өсіретін кәсіпкерлік нысанда бүгінгі таңда 50 адам тұрақты жұмыс тапқан. Жоба құны 500 млн теңгені құрайтын жылыжай кешенінің өндіріс алаңы 4 гектарды құрайды. Онда өсірілген көкөністер еліміздің бірнеше облыс-қалаларына экспортталады.