Сауран ауданы әкімі жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлермен кездесу өткізді

18
✔️Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан аумағындағы жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлермен маңызды кездесу өткізді. Жиында аудан прокуроры Алмаз Асылбеков, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Алмат Абидинов қатысты. Кездесудің басты мақсаты – жер қойнауын пайдалану саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және оларды шешу жолдарын бірлесе қарастыру болды.
Күн тәртібінде төрт негізгі мәселе қаралды:
1. Жер қойнауын пайдаланушылардың ауданға тіркелуі: Әкім кәсіпкерлерге өз қызметтерін ресми түрде ауданға тіркеудің маңыздылығын атап өтті. Бұл ауданның экономикалық дамуына оң әсер етіп, жергілікті бюджеттің нығаюына ықпал етеді.
2. Аудандық статистика басқармасына айлық және тоқсандық есептіліктерді, сондай-ақ өнім көлемдерін мерзімінде тапсыру: Уақытылы және дәл есептіліктер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
3. Жер қойнауын пайдаланушылардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған төлемдері: Әлеуметтік төлемдер мен инвестициялар жергілікті инфрақұрылымды жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс.
4. Жер қойнауын пайдаланушылардың маркшейдер мамандарымен тексеріс жұмыстарын жүргізуі: Бұл шаралар жер қойнауын пайдалану барысында заңдылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
✔️Аталған мәселелер бойынша Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров баяндама жасады. Ол жер қойнауын пайдалану саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат беріп, кәсіпкерлерді белсенді ынтымақтастыққа шақырды.
✔️Әкім Мақсат Таңғатаров өз сөзінде жер қойнауын пайдалану және қазба жұмыстарының қоршаған ортаға кері әсері туралы қоғамда әртүрлі пікірлердің бар екенін атап өтті. Осыған байланысты, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және жұртшылықтың пікірін ескеру мақсатында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу үшін аудан әкімдігі тиісті шараларды қолға алатынын жеткізді.
✔️Сонымен қатар, наурыз айында карьерлерде маркшейдер мамандарымен бірлескен тексерістер жүргізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар жер қойнауын пайдалану саласындағы заңдылықты қамтамасыз етуге және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.