«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАНДА 5 МЫҢНАН АСА КӨШЕТ ЕГІЛІП, КӨГАЛДАРДЫРУҒА ҚАЖЕТТІ ТЕХНИКАЛАР КӨРМЕСІ ӨТТІ

75
Түркістан облысында көктемгі ағаш егу, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров облыс орталығында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық акцияға қатысып, ағаш отырғызды. Бұл игі іске құқық қорғау органдарының басшылары, Түркістан облысы мен қала әкімдігінің өкілдері, депутаттар, аға буын өкілдері, студенттер, белсенді жастар, ассамблея мүшелері және көгалдандыруға жауапты мекеме қызметкерлері қатысты.
Одан соң облыс әкім Түркістан қаласында көктем-жаз мезгіліне дайындық аясында жасыл алаңдарды күтіп-ұстауға қажетті техникалар мен құрал-жабдықтар мен техникалар көрмесін көрді. Жауапты мамандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Көрмеде үлгілік 25 түрлі техника мен құрал-жабдықтың 200 данасы таныстырылды. Бұл – көгалдар мен саябақтарды күтіп-ұстауда қолданылатын ең тиімді әрі жоғары сапалы жабдықтар.
Көрме барсында көгалдандыру жұмыстарының ерекшеліктері мен технологиясы және ағаштарды, көгалдарды, гүлдерді және бұталарды күтіп-ұстаудың негізгі технологиялары мен тәсілдері, жұмыс бабы кеңінен түсіндірілді.
Сондай — ақ сәндік гүлдерді егу жұмыстары мен күтіп-баптаудың үлгілері көрсетілді.
Түркістан қаласында тазалық жұмыстарымен қатар, жасыл алаңдарды күтіп-баптау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қала аумағында жалпы 34 саябақ, 75 сквер мен аллея, 163 көше және 16 жасыл алаң бар. Бұдан басқа, қалада скверлер мен аллеялар, 288 жасыл алаң мен 92 субұрқақ орналасқан. Ағаш егу, гүл егу, көгалдандыру жұмыстарына ыңғайлы және жаңа техникалар, тыңайтқыштар қолданылуда.
Биылғы көктемдегі алғашқы экологиялық акция барысында Түркістан қаласының бірнеше аумағында 5000-нан аса көшет отырғызылды.
Айта кетейік, биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс бойынша 1 миллионнан аса көшет егіледі деп күтілуде. Оның ішінде көктем мезгілінде – 631 100 түп және күз мезгілінде 626 600 ағаш отырғызу жоспарланған. Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында күнделікті өтетін 7263 тазалық іс-шара кестесі бекітілді. Сондай-ақ 34 ауқымды іс-шара жоспарланған. Жалпы бұл жұмыстар аясында тазалықты қамтамасыз ету, абаттандыру, нысандардың қасбеттерді күтіп ұстау, жарықтандыру, жол белгілерін ретке келтіру, жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге басымдық беріледі. Өңірде тазалық жұмыстары іс-шара жоспарына сәйкес, тұрақты түрде атқарылып жатыр. Аудан, қалалардағы санитарлық тазалық жұмыстарының деңгейін тексеру жоспары бекітілген.
Одан бөлек, биыл қоғамдық орындарда санитарлық тазалық талаптарын сақтамаған азаматтарға 2721 хаттама толтырылып, 58,8 млн теңге айыппұл салынды. 24,9 млн теңге айыппұл өндірілді. Қазіргі таңда бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр.