ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУБЕРКУЛЕЗ АУРУШАҢДЫҒЫ ТӨМЕНДЕГЕН

Бұл туралы брифингте Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов мәлімдеді.
«Облыс бойынша тұрғындар арасында 2025 жылдың 2 айында туберкулезбен 102 жағдай тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,8 пайызға төмендеген. Ал, 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында 4 жағдай тіркелген. Алайда өңірде сырқаттың асқынған түрі тіркелмеген. Сонымен қатар, биыл флюорографиялық тексеруге 7 549 адам жоспарланып, туберкулез ауруымен 8 науқас анықталған. Қазіргі таңда 24 ақпан-24 наурыз күндері аралығында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы ретте, Департаменттің ұйымдастыруымен туберкулез ауруының алдын алу бойынша қолданыстағы нормативтік актілерге сәйкес эпидемиологиялық іс-шаралар қатаң бақылауға алынып, тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстары кең көлемде насихатталуда»,- деді спикер.
Нұрбек Нышановтың сөзінше, Түркістан облысында індетке қарсы іс-шаралар қарқынды түрде ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, емдеу профилактикалық ұйымдарының медицина қызметкерлері арасында туберкулез ауруының алдын алу мақсатында науқасты ерте анықтау, диагностикалау, емдеу бойынша семинар, жаттығу сабақтары жүргізілуде.