ПРЕЗИДЕНТ БАСТАМАЛАРЫ ЕЛІМІЗДІҢ ЖАСТАРЫН БІРІКТІРЕ ТҮСЕДІ

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтті.
Аталған сессияға Түркістан облысынан бір топ «Ассамблея жастары» қатыстық. «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы ретінде өзіммен бірге белсенді әріптестерім Түркістан облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, «Жастар рухы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман және ұйымның белсенді мүшелері Фаез Файзидинов, Интизора Насратуллаева қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сессияда алмағайып заманда стратегиялық бағдарға сай әрекет ету — Қазақстан халқының алдында тұрған аса маңызды міндет екенін айтты.
— Кейбір мемлекет үшін этникалық әралуандылық сын-қатердің, сенімсіздік пен төзбеушіліктің белгісі болуы мүмкін. Бірақ бұл біздің жалпыұлттық қазынамыз әрі стратегиялық артықшылығымыз. Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік — мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары. Осы құндылықтарға арқа сүйей отырып, біз Тәуелсіздіктің зор жетістіктерін сақтап, еселеп, келер ұрпаққа аманаттай аламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы өз жерінде тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдеген біртұтас ұлт екенін атап өтті.
— Осынау тар жол, тайғақ кешуде еліміздің тәуелсіздігі мен дербестігін нығайтып, барлық қиындықты еңсеріп, мақсатымыздан айнымаймыз, — деді Президент.
Сондай-ақ Президент барлық этномәдени бірлестікті «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырды.
— Менің бастамаммен былтырдан бері «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырылып жатыр. Жалпыұлттық жобаға 6 миллионнан астам адам қатысты. 1,6 миллион тоннадан аса қоқыс жиналды. 3,3 миллион көшет отырғызылды. «Таза Қазақстан», бұл — біздің бүгінгі және ертеңгі күніміздің кепілі. Сондықтан жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Біз әр азаматтың, әсіресе, жастардың бойына тазалық, ұқыптылық, жауаптылық сияқты қасиеттерді сіңіруіміз керек. Таза я тазалық, бұл — киелі сөздер. Ары таза адам ешқашан елін сатпайды. Біз «Қазақстан — ортақ үйіміз» деп үнемі айтамыз. Сондықтан еліміз таза, тартымды, мәдениетті болуы керек. Ассамблея бұл идеяны жан-жақты дәріптеп келеді. Бұл — өте тиімді әрі пайдалы жұмыс. Тазалық әр үйден басталуы керек. Сонда ғана «Таза Қазақстан» боламыз, — деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде кішкентай кезінен тазалыққа үйренген бала кейін жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып өсетінін еске салды.
— Сондықтан бүгін мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін, барлық этномәдени бірлестікті «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына белсене қатысуға шақырамын. Бұл — жай науқан емес, бұл — өскелең ұрпаққа озық білім мен тәлім-тәрбие беру деген сөз. Баршамызға қатысы бар идеологиялық маңызды іске әр қаланың, ауылдың, көшенің және ауланың тұрғындарын жұмылдыру керек. «Таза Қазақстан», бұл — шынайы отаншылдықтың көрінісі. Бәріміз Әділетті, Қауіпсіз және Таза Қазақстанда өмір сүргіміз келеді, — деді Президент.
Осы орайда, біз, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері Президент ұсынған бастамаларды толық қолдаймыз және оны нәтижелі орындауға күш саламыз.
Нодиржон Хасантаев,
«Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы
