АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС ӘСКЕРЛЕРІНІҢ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫ БАСТАЛДЫ

12

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында аумақтық қорға­нысты нығайту еліміздің алдында тұрған маңызды міндет екенін айқындаған болатын. Осыған орай елімізде арнайы заң қабылданып, республикалық маңызы бар қалалар мен өңірлерде аумақтық қорғаныс бригадалары құрылды.

Кеше Шымкент қаласы бойынша аумақтық қорғаныс әскерлері оқу-жаттығу жиынының салтанатты ашылу рәсімі өтті. ҚР Қорғаныс министрлігі 50120 әскери бөлімінің штабында өткен салтанатты жиында белгілі болғандай,
Шымкент қаласы әкімінің қаулысына сәйкес, әскери міндетті 118 азамат арнайы практикалық оқу-жаттығу жиынына қатысады.

Әскери міндеттілер әскери бөлім штабының алдында сап түзеп, он күндік дайындықтан өту үшін Ақтас елді мекені аумағында орналасқан әскери полигонға аттанды.

Жиынға Шымкент қаласы аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Бақытжан Әшімов пен Шымкент қаласы әкімдігі аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Дәурен Шынтасов қатысып, жауынгерлерге сәттілік тіледі.

Оқу-жаттығу жиыны барысында әскери міндеттілер жауынгерлік дайындықтарын жетілдіріп, атыс әдістері мен ұрыс әрекеттерін меңгереді. Сонымен қатар, жаңа тактикалық әдістер мен заманауи әскери жаттығуларды игеруге мүмкіндік алады. Мұндай жиындар әскерилердің дайындық деңгейін арттырып қана қоймай, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратыны белгілі.

Айта кетейік, аумақтық қорғаныс күштері бригадаларының құрылуы — еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру бағытындағы маңызды қадам. Аумақтық қорғаныс әскерлері белсенді әскери резервті қалыптастыра отырып, елімізге қарсы әскери агрессия жасалған кезде мемлекеттік шекараны күзетуді күшейтуге қатысып, жаудың диверсиялық әрекеттеріне жедел түрде тойтарыс береді және стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетеді. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар, табиғи апаттар кезінде халықты қорғауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға да атсалысады.

Дилара БИМЕНОВА, «Шымкент келбеті»