«МЕНІҢ ЕЛІМ – МЕНІҢ ТУЫМ»: ЖАЛПЫРЕСПУБЛИКАЛЫҚ НАУҚАНЫ ТҮРКІСТАНДА ЖАЛҒАСТЫ

Бүгін 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні ел көлемінде «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты дәстүрлі «Менің Елім – Менің Туым» республикалық акциясын ресми түрде бастады. Акцияның басты мақсаты – Мемлекеттік Туға деген құрметті арттыру, елдік сана мен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, жастардың бойындағы патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілікті нығайту. Партияның «Жастар рухы» жастар қанаты бұл жобаны бірнеше жылдан бері үздіксіз ұйымдастырып келеді. Соңғы үш жылда республика аумағындағы жүздеген елді мекенде Мемлекеттік Ту ілініп, мыңдаған жас өз үндеуін елмен бөлісті. Биылғы акция аясында да еліміздің барлық өңірлерінде Мемлекеттік Ту орнату, түрлі патриоттық шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Аймақтарда бір мезгілде ту көтеру рәсімдері, автокеруендер, флешмобтар, спорттық шаралар және салтанатты жиындар өтуде.
Аталған бастама Түркістан өңірінде де ерекше сипат алды. Акцияға облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, еріктілер мен жас белсенділер атсалысып, қала және аудан орталықтарында, ауылдық елді мекендерде ту көтеру рәсімдерін ұйымдастырды. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әр азаматтың қасиетті борышы. Бұл науқан қоғамда, әсіресе жастар арасында, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет мәдениетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. «Менің Елім – Менің Туым» акциясы – рухани жаңғырумен үндесіп жатқан, ұлттың ұлы құндылықтарын ұлықтайтын тағылымды іс. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін нышандарының бірі. Олар мемлекет имиджінің ажырамас бөлігін құрайды, азаматтардың патриотизмін білдіреді. Тәуелсіздіктің нышаны – мемлекеттік рәміздер. Мемлекеттік рәміздер дегеніміз – дербес елдің символы. Оған: Елтаңба, Ту және Әнұран жатады. Әр қазақстандық мемлекеттік рәміздердің не екенін, оған деген құрметті білгені жөн.Алдымен, білімнен басталады дер едім. Мемлекеттік рәміздердің тарихын, авторларын және нені бейнелеп тұрғанын білу – әр азамзаттың міндеті. Мысалы, Тудағы көк түс – бейбітшіліктің белгісі, ал қыран – еркіндіктің таңбасы. Елтаңбадағы шаңырақ – бірлікті, ортақ үйді білдіреді. Ал әнұранның сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Әнін жазған қазақтың біртуар азаматы – Шәмші Қалдаяқов. Осы мемлекеттік рәміздердің шығу тарихын білген адам оларды шын жүректен қадірлей алатынына сенімдімін.
Сонымен қатар тәрбиенің де рөлі алдыңғы қатарда. Үйде ата-ананың, мектепте ұстаздардың балаға рәміздер туралы түсіндіріп, өте маңызды екенін айтқан жөн. Кез-келген жерде Әнұран қосылғанда, орындарынан тік тұрып, қолды жүректің тұсына қою – бұл құрмет. Осыған байланысты мен сыныптасыма: «Егер де сен көшеде жүріп бара жатып, Әнұранымыздың орындалғанын естіп қалсаң, не істер едің?» деген сұрақты қойдым. Ол: «Мен тоқтатп, қолымды кеудемнің сол жақ тұсына қоюшы едім» деді. Жауап мені тәнті етті. Дәл осындай әрекеттер адамның рухы мен елжандылық сезімін оятады.