ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ

1
Түркістан қаласында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай, «Рәміздер алаңында» тұғырлы көк байрағымыз көкке көтеріліп, Әнұран шырқалған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік орган басшылары, зиялы қауым, белгілі спортшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар, қала тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
– 1992 жылы Мемлекеттік рәміздер бекітіліп, 4 маусым – айтулы күндер қатарына қосылды. Бүгінде Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – халқымыздың бойтұмарына айналды. Көк байрақ – айбарымыз, Елтаңба – елдігіміздің арқауы! Біздің қастерлі рәміздерімізді әлем мойындайды және құрметтейді. Біз – мұны зор мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан мемлекетін құру, тәуелсіз елдің азаматы болу – тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Тәуелсіздікті сақтау – оның Рәміздерін құрметтеуден басталады. Әнұран, Ту және Елтаңба – барлық қазақстандықтардың мақтанышы, отаншылдықтың нышаны. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың қастерлі міндеті! Бұл ретте жас ұрпақтың бойына оның маңызын түсіндіре білуіміз керек. Түркістан облысында да бұл бағытта тиісті жұмыстар жүруде. Әрбір отандасымыз Әнұранды шырқап, Көк туды қадірлесе – жарқын болашаққа жол ашылады. Көк байрағымыз биікте желбіресін, Тәуелсіз Қазақ елі жасай берсін! – деді Нұралхан Көшеров.
Шара барысында облыс өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мемлекеттік туды көтеру кезінде «Jana Lep» шығармашылық ұжымы мен мектеп оқушылары Мемлекеттік Әнұранды бір мезгілде орындады. Бұдан бөлек, патриоттық әуендер шырқалып, жігерлі жастарымыз өнерлерімен көпті тамсандырды. Айта кетейік, облыста 26 Рәміздер алаңы мен ту тұғырлары бар. Биыл Мақтаарал мен Сауран аудандарында Рәміздер алаңын салынады деп жоспарлануда. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Мемлекетшілдік сана, елдік сана, ұлттық сана, бір сөзбен қайырғанда ұлтты сүю қалпы Отанды қадірлеу ісінен көрінеді. Мемлекеттік санасы жоғары жұрттар елінің қадірін біліп, елдік санаға қызмет қылуға барын салады. Мемлекетшілдіктің бір көрінісі мемлекеттік рәміздерді құрметтеу ісінен де байқалады. Себебі мемлекеттік рәміздер мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі болғандықтан, ұлттық идея, ұлттық рух түсініктерімен сабақтаса байланысып жатыр.
Қазақстанның мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Әнұраны еліміздің сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Ту мен Елтаңбаға қараған немесе Әнұранды тыңдаған, айтқан адамның бойында азаттық үшін арпалысып, жандарын пида еткен ерлер бейнесі, сырлы да шерлі тарихымыз, тарихтағы даналығымыз, ерлік пен елдігіміз туралы пайым болуы керек. Отан түсінігі туралы кең пайымдаулар болуы қажет. Бұл үшін адам тарих тағылымына қанық болуға тиіс. Әріден қайырмай, өткен ғасыр басындағы ұлттық сананы дүр сілкіндіріп, еңсесі езілуге шақ қалған елін тіктей білгендіктен де, тарихта Алаш ардақтылары деген атаумен мәңгілік қалған зиялыларымыздың Алаш ұранына, Алаш туына деген адалдықтың нағыз үлгісін көрсеткені туралы оқып та, естіп те жүрміз. Ал Алаштың «Қазақ» газетіне деген халықтың ықыласы, құрметі – өз алдына бөлек әңгіме. Аласапыран уақыттағы азаттық үшін жанталас кеңестік құжаттар негізінде «жазылып», ұзақ уақыт бойы халық санасына «сіңірілгендіктен» әлі күнге дейін Алашты өз биігінен бір адамдай көрсете алмай келеміз.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң жұртшылыққа жақсы таныс. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Мерекелену мен халықтың жүрегімен сезініп құрметтеуі – екі түрлі мәселе. Мемлекеттік рәміздерімізді жүрекпен сезініп, ақылмен пайымдай білгенде ғана шын құрметтеуге жол ашылады. Бұл үшін өрімтал жас тарих тағылымына қанық болуы керек. Мемлекет те адамдарға мемлекеттік рәміздерді қадірлеуді парыз етеді. Сол үшін де оларды қолдану тәртібі, ережесі Конституция немесе конституциялық заңда белгіленеді. Жастарды мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге дағдыландыру олардың бойында Отанды сүю, ұлтты сүю сезімін қалыптастастыруға жол ашады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындау және пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқын жазылған. Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды қалыптастыру мәселесі де заңда көрсетілген. Осыған орай, еліміздің азаматтары, сондай-ақ Республика аумағында жүрген адамдар Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. Бұл үшін де заңда көрсетілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын, Мемлекеттік Гимнін пайдалану тәртібін әрбір азамат жетік білуге тиіс. Мемлекеттік Туымыз үйлерде үй иелерінің еркі бойынша тігілуі мүмкін. Алайда оған да ерекше құрметпен қарау қажет. Мемлекеттік рәміз бейнеленген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталары аяқ астында жатпауы қажет. Елі мен жеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатында мемлекеттік рәміздердің мәні мен мақсаты түрлі деңгейдегі білім беру ұйымдарының негізгі жалпы білім беру бағдарламаларына енгізіліп, оқытылады. Оқытылып қана қоймай, осы аталған оқу орындарында Мемлекеттік Ту тігіледі, Мемлекеттік Елтаңба не олардың бейнесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылады. Олар арнайы оқшау­ланған көрнекті орында тұрғаны жөн.
Мемлекеттік рәміздер – елдің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын белгі. Қазақстанның тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Гимн мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Қазіргі Гимніміз заңды түрде 2006 жылы 7 қаңтарда қабылданып, алғаш рет сол жылы 11 қаңтарда салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздік пен дербестіктің нышаны. Осы қасиетті құндылықтарымызды әрбір қазақстандық көзінің қарашығындай сақтап, қастерлеуге міндетті. Бүгінде осы мемлекеттік нышандарды өз биігінде қастерлей алып жүрміз бе? Ақпараттық технология қарыштап дамыған қазіргі уақытта жаңалықтар әлеуметтік желі арқылы желдей еседі. Алайда, қарапайым азаматтар білмеуі мүмкін, ескірген, жарамсыз күйге түскен мемлекеттік рәміздерді жоюдың тәртібі мен алгоритмі заңмен белгіленген. Қарапайым сөзбен айтқанда, ескірген Туды 5 мм көлемінде кесіп, Елтаңбаны да осы көлемде бөлшектеп, өртейді. Күлді аяқ баспайтын жерге көмеді. Ол үшін мекеме ішінен арнайы комиссия құрылып, процесті бақылайды және акт толтырады. Бұл – мемлекеттік рәміздеріміздің аяқасты болмауына, қоқыста жатпауына септігін тигізеді әрі рәміздерге деген құрметтің белгісі.

Елдігіміздің айғағы, тәуелсіздіктің нышаны болған мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Әсіресе, мемлекеттік мекемелерде рәміздердің дұрыс орналасуы, ұлттық стандартқа сай болуы және тазалығы заңмен қорғалады. Оны аудан әкімінің жанынан құрылған Қазақстан Республикасының  мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссия қадағалайды. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету тек мекеме қызметкерлеріне ғана тиесілі емес, ол әрбір адамның борышы болып есептеледі. Сондықтан, рәміздердің заңнама аясында қолданылуы мен күтіп ұстауына барша тұрғын жауапты. Ендеше, көк Туымыздың тұғырында желбіреп, Елтаңбамыздың төрде ілініп, Гимніміздің биікте шырқалуына өз үлесімізді қосайық, құрметті оқырман.

Мемлекеттік тудың негізгі сипаттамасы Конституция бойынша бекітіліп, тіркеледі. Мемлекеттік тудың негізгі элементі оның түсі екендігі де дау тудырмаса керек. Әр халықтың, әр ұлттың жанына жақын, айрықша қастерлейтін өз бояуы, өз түсі болады. Осыған орай «ұлттық бояу» деген ұғым кең тараған. Оның терең танымдық мәні, қолдану үрдісі және әріден бастау алатын төл тарихы болады. Әдетте, ұлттық бояу ұлттық өнер туындыларында, ою-өрнектерде, киім-кешектерде, тұрмыстық заттарда жиі қолданылады. Ол сол себепті халықтың табиғи болмыс-бітімі мен мінез-құлқынан да хабар беріп тұрады деп есептеледі.  Қазақстан туының көк түске боялу себебі неде? Танымдық тұрғыдан алғанда, қызыл-оттың, жылу мен қанның, жасыл-шөптің, өсімдіктің, қара- жердің, суықтың, қараңғылықтың, ақ-судың белгісі болып саналса, көк-зеңгір аспанның, ауа мен құрлықтың белгісіне баланады. Ол – адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен бейкүнә пәктіктің нышаны, әрі осы реңдес ту көтерген елдің саясатына ерекше сенім көрсетуге болады деген ойға жетелейді.

Ту көтерген батыр бабалар бейнесі сонау ерте замандарда жартаста сызылған суреттерде айқын бейнеленген. Байрақтың түсіне келер болсақ, «Көк асаба» аталған көне байрақ түсі  түркі халықтарының түп атасы кие тұтқан көк аспан әміршісінің белгісіне баланса, түркілердің тағы бір табынары – көк бөрі бейнесі де тудағы таңбаға айналған. Қазақ даласында көтерілген байрақ, тулар да бір тектес болмаған, әрине. Ұзақ уақыт бойы арнайы сөз етіліп, қасиетті жәдігер ретінде құнтталмағандықтан, ел ішінде көбіне Абылайдың ақ туы ғана ауызға алынады. Туымыздағы нұр шұғылалы алтын күн бейнесі, халқымыздың асыл арманын арқалаған дала қыраны мен рухани болмысымыздың жарқын бір көрінісі болып табылатын ұлттық өрнек – айтары мол астарлы айшықтар. Ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген Туды ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді.

Өз тіліміздегі «таңба» сөзі Түркі қағанатында дүниеге келген. Білімпаз Махмұд Қашқари өзінің әлемге әйгілі сөздігінде «Таңба – ел билеушілердің ерекше белгілері» деген мағына береді. Бұл сөзді он жетінші ғасырға дейін орыс князьдары да пайдаланған. Түркі халықтарының таңбалары туралы деректер V ғасырдан белгілі екендігі көрсетілген. Қазақ руларының таңбалары осы күнге дейін сақталған. Қазақстан Елтаңбасындағы шаңырақ бұрын-соңды әлемдік геральдика тарихында болмаған. Қазақтың қасиетті қара шаңырағының бейнесі бүтін Қазақ елінің символы іспеттес. Қара шаңырақ – біздің ұлттың алтын бесігі. Асыл діңгек аман болса, алтын бесік мәңгілік өмір жырымен тербеле береді» деген ұғым бар. Тәуелсіз мемлекетіміздің құшағы бес құрлыққа бірдей ашық, әлемдік өркениет көшіне өз болмыс-бітімімізді сақтай отырып ілеспек ниетіміз бар дегенге меңзейтін бесбұрышты жұлдыз бар.