«МЕНІҢ ЕЛІМ – МЕНІҢ ТУЫМ»: ЖАЛПЫРЕСПУБЛИКАЛЫҚ НАУҚАНЫ ТҮРКІСТАНДА ЖАЛҒАСТЫ

8

Бүгін 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні ел көлемінде «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты дәстүрлі «Менің Елім – Менің Туым» республикалық акциясын ресми түрде бастады. Акцияның басты мақсаты – Мемлекеттік Туға деген құрметті арттыру, елдік сана мен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, жастардың бойындағы патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілікті нығайту. Партияның «Жастар рухы» жастар қанаты бұл жобаны бірнеше жылдан бері үздіксіз ұйымдастырып келеді. Соңғы үш жылда республика аумағындағы жүздеген елді мекенде Мемлекеттік Ту ілініп, мыңдаған жас өз үндеуін елмен бөлісті. Биылғы акция аясында да еліміздің барлық өңірлерінде Мемлекеттік Ту орнату, түрлі патриоттық шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Аймақтарда бір мезгілде ту көтеру рәсімдері, автокеруендер, флешмобтар, спорттық шаралар және салтанатты жиындар өтуде.
Аталған бастама Түркістан өңірінде де ерекше сипат алды. Акцияға облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, еріктілер мен жас белсенділер атсалысып, қала және аудан орталықтарында, ауылдық елді мекендерде ту көтеру рәсімдерін ұйымдастырды. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әр азаматтың қасиетті борышы. Бұл науқан қоғамда, әсіресе жастар арасында, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет мәдениетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. «Менің Елім – Менің Туым» акциясы – рухани жаңғырумен үндесіп жатқан, ұлттың ұлы құндылықтарын ұлықтайтын тағылымды іс. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін нышандарының бірі. Олар мемлекет имиджінің ажырамас бөлігін құрайды, азаматтардың патриотизмін білдіреді. Тәуелсіздіктің  нышаны – мемлекеттік рәміздер. Мемлекеттік рәміздер дегеніміз – дербес елдің символы. Оған: Елтаңба, Ту және Әнұран жатады. Әр қазақстандық мемлекеттік рәміздердің не екенін, оған деген құрметті білгені жөн.Алдымен, білімнен басталады дер едім. Мемлекеттік рәміздердің тарихын, авторларын және нені бейнелеп тұрғанын білу – әр азамзаттың міндеті. Мысалы, Тудағы көк түс – бейбітшіліктің белгісі, ал қыран – еркіндіктің таңбасы. Елтаңбадағы шаңырақ – бірлікті, ортақ үйді білдіреді. Ал әнұранның сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Әнін жазған қазақтың біртуар азаматы – Шәмші Қалдаяқов. Осы мемлекеттік рәміздердің шығу тарихын білген адам оларды шын жүректен қадірлей алатынына сенімдімін.

Сонымен қатар тәрбиенің де рөлі алдыңғы қатарда. Үйде ата-ананың, мектепте ұстаздардың балаға рәміздер туралы түсіндіріп, өте маңызды екенін айтқан жөн. Кез-келген жерде Әнұран қосылғанда, орындарынан тік тұрып, қолды жүректің тұсына қою – бұл құрмет. Осыған байланысты мен сыныптасыма: «Егер де сен көшеде жүріп бара жатып, Әнұранымыздың орындалғанын естіп қалсаң, не істер едің?» деген сұрақты қойдым. Ол: «Мен тоқтатп, қолымды кеудемнің сол жақ тұсына қоюшы едім» деді.  Жауап мені тәнті етті. Дәл осындай әрекеттер адамның рухы мен елжандылық сезімін оятады.

Құрмет – іс-әрекеттен байқалады. Әр азамат мемлекеттік рәміздерді пайдаланғанда оларды таза, ұқыпты, өзіне сай түрде сақтауға тиісті. Бүгінгі күнде мемлекеттік ғимараттардан басқа спортшылар, өнер адамдары басқа мемлекетте өнер көрсетіп, жеңімпаз, не жүлделі болған жағдайда көк туымызды желбіретеді. Бұл – елде отырып, әлеуметтік желілер арқылы бақылаған жанкүйерлер, отандастар үшін үлкен абырой. Осындай әрекеттерден патриотизмнің белгісін көруге болады.Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет білімнен, тәрбиеден және қандай да бір әрекеттерден басталады. Бұл – әрбір қазақстандықтың қалауымен жасалатын борыш, міндет. Рәміздерді құрметтей білейік, себебі рәмізге құрмет- елге құрмет! Туған жерге деген мақтаныш пен сүйіспеншілік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Мемлекеттік Елтаңбаның авторларының бірі Жандарбек Мәлібековтің айтуынша, Елтаңба, Ту, Әнұран әрбір ресми және бейресми іс-шарада болуы тиіс. Сонда ғана біздің мемлекеттік рәміздер өскелең ұрпақ арасында кеңінен таралады. Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері тек мемлекеттік құрылымдар немесе хаттамалық іс-шаралар шеңберінде ғана емес, барлық жерде дәріптелуі керек.

Елімізде 4 маусым күні бүкіл республика бойынша бір уақытта Мемлекеттік Гимн орындалды. 5 маусым күні Астана қаласындағы «Атамекен» этномемориалдық саябағындағы ең биік ту тұғырда Мемлекет басшысының қатысуымен Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі ұйымдастырылды. Әр өңірде патриоттар форумдары өткізілді. «Отанды сүю – жүректен» медиажобасы, «Туымыз төрімізде» атты жалпы ұлттық акция ұйымдастырылды. Оған қоса «Қазақстандық патриотизмді насихаттау жөніндегі 2024 – 2026 жылдарға арналған» кешенді жоспар әзірленді. Еліміздегі ең танымал мобильдік бағдарлама – «Aqyl battle» қосымшасына мемлекеттік рәміздерге арналған арнаулы блок іске қосылды. Бүгінгі күні жаңа технологиялық қосымшаны 600 мыңнан астам азамат пайдаланады. Аталған мобильдік қосымшаның әсіресе жастар арасында өте танымал екенін ескерсек, бұл қадам өскелең ұрпақтың мемлекеттік рәміздер туралы білімін арттыруға жол ашады деп сенеміз. Ерекше атап өтетін жайт биыл Сыртқы істер министрлігімен бірге әлеуметтік желілер арқылы «Менің туым – менің мақтанышым» тақырыбында шетелде тұратын Қазақстан азаматтарының бейнеқұттықтаулары ұйымдастырылды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы Шәкен Ниязбековтің 85 жылдық мерейтойына орай республика бойынша 70-тен аса (оның 5 ірі іс-шара) іс-шара ұйымдастырылды.

Сондай-ақ геральдика саласын жетілдіру бойынша «Өңірлік нышандарды», «Мемлекеттік органдардың нышаны», «Мемлекеттік ұйымдардың нышаны», «Кәсіподақ ұйымдарының нышаны» және «Үкіметтік емес ұйымдардың нышаны» біріздендіру және мемлекеттік геральдикалық тізілімді жүргізу (ведения государственного геральдического регистра) мақсатында жұмыстар басталды.Жас ұрпақ елдің қуатты қозғаушы күші екенін ескерсек, мемлекеттік рәміздерді жастар ортасында танымал етуге ерекше назар аудару керек. Мысалы, жастар арасында жаппай көшеде, спорт және мәдени, мекемелер мен оқу орындарында (мектепке дейінгі балалар, мектеп оқушылары, студенттер, жұмыскерлер ұжымдары және т.б.), сондай-ақ әлеуметтік желілерде әртүрлі флешмобтар ұйымдастыру қажет.Сондай-ақ ту элементтерін смартфондар мен басқа гаджеттердің ұсынылған экрандарына/тұсқағаздарына, мектеп атрибуттарына (рюкзактар, пеналдар, қаламдар, спорттық киімдер және т.б.), телефон қораптарына және басқаларға орналастыруға болады.Сонымен қатар барлық меншік нысандарындағы балабақшаларда, мектептерде, арнайы орта және жоғары оқу орындарында әртүрлі бұқаралық іс-шараларда көгілдір түсті галстуктарды, орамалдарды, көбелек-галстуктарды пайдалануға болады.

Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің жарқын көрінісі, халқымыздың мақта­нышы мен абыройы. Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны ұлтымыздың азаттыққа, өркендеуге және жасампаз­дыққа деген табанды ұмтылысының сим­волы. Сонымен қатар баршамызды мыз­ғымас бірлікке ұйыстыратын, әрбір аза­матты Отан үшін күнделікті қажырлы ең­бек етуге және үлкен жетістіктерге үн­дейтін күш. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі: «Қасиетті нышан­дары­мызда қазақтың мыңжылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту халқымыз үшін қашанда ерлік пен елдік­тің символы саналған. Көк түріктер зама­нында бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал өткен ғасырда арыстарымыз «Алаш туы астында Күн сөнгенше сөн­бейміз!» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Қазақ елінің көгінде Ұлы даланың айбынын асырған тәуелсіздік Туы жел­біреді. Көк байрағымыз – мызғымас мем­лекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азат­тықтың айшықты көрінісі. Ал Әнұра­нымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тә­уел­­сіздіктің осы үш символы халқы­мыз­ға ерекше рух береді. Әрқайсысы­мыз­дың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені бұл – бабаларымыздың орындалған арманы» деген болатын.

Осы орайда өткізілетін салтанатты іс-шаралардың тәрбиелік мәні өте зор. Көпшілік үшін көзіне оттай басылып, көңілінде ыстық табы қалатыны, көбіне Көк байрағымыз. Туды көргенде толқы­майтын адам жоқ. Көк Ту – азаттықтың белгісі. Халқымыз тарихи таңдауын жасайтын сәтте алып байрағы­мыздың көкте желбіреуін жақсы ырымға балап жататынымыз сондықтан. Көк Тудың көкке көтеріліп, желбіреуі – еңсе­міздің көтерілуі. Ол желмен жарысып жазыла түскенде желбіреген дауысынан біздің асқақ та азат рухымыздың үні ес­тіледі. Сондай шараның бірі былтыр Ала­тау баурайында өткен болатын. Қазақ­станның ең үлкен Туы Алматы аспанында желбіреді. Кәсіби парашютші Олег Тощев көлемі 800 шаршы метр болатын көк байрағымызды 3 000 метр биіктікте қа­лықтатып ұшып өтті. Салмағы шамамен 90 келіні құрайтын көк Ту қатты материал­дан жасалған. Сондықтан да бұл акция өте қауіпті әрі орындалуы да қиын еді. Рес­публика күніне орай өткен «Ашық аспан» акциясы аясындағы бұл оқиға Қазақстан рекордтар кітабына енді. Салыстыру үшін айта кетсек, Астананың негізгі Ту бағана­сында орналасқан еліміздегі ең үлкен Ту – 450 шаршы метр, ал көкке көтерілген көк байрақ одан екі есе үлкен. Ол осы бі­ре­гей оқиға үшін арнайы әзірленген екен.

«Бұл акцияның мақсаты – қазақстан­дықтардың патриоттық рухын нығайту, то­леранттылық пен бейбіт аспан концеп­циясын қолдау. Қазақстанның көк бай­рағы – біздің бәрімізді біріктіретін мем­лекеттік рәміз, тәуелсіздігіміздің символы. Біз өз Туымызға дұрыс құрметпен қарауды, мемлекетімізге деген жылы патриоттық сезімді нығайтуды қалаймыз», – дейді ұйымдастырушы Тілек Каналин.

Патриотизм мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады

Мамандар қазақстандықтар арасында патриотизм сезімін арттырудың, мем­лекеттік рәміздерге құрметпен және ұқыпты қарауды үйретудің бірден-бір жолы ақпараттық-насихаттық жұмыстар екенін айтады. Бұл жұмыстар күнбе-күн қалыпты жағдай ретінде жүріп жатуы тиіс. Жас ұрпақтың санасына осы бастан сіңіре берсек, еліміздің тәуелсіздігі де баянды болмақ.

«Патриотизм дегеніміз мемлекеттік рә­міздерді құрметтеуден, дәріптеуден бас­талады. Сондықтан да біздің геральди­калық орталықтың басты мақсаттарының бірі – осы. Яки, сол арқылы жастардың ұлтқа, Отанға деген құрмет сезімін ояту. Мысалы, 1,5 млрд халқы бар Қытай мемлекетінің азаматтары өздерінің қызыл туларын қалай құрметтейді, оны бәріміз де көріп жүрміз. Түркия елі де сол. Ара­ларында саяси мәселелер болып жатқа­нымен, қызыл туы көтерілгенде түрік хал­қы бірігіп кетеді. Біз де сондай деңгейге жетуіміз керек. Біздің болашақ ұрпағымыз көк Ту желбіреген шақта, соның айнала­сынан табылып, жұмыла алатындай, оған құрметпен қарайтындай жағдайға же­туіміз қажет. Ол үшін жасалар жұмыс көп. Бұл тұста тек мемлекет тарапынан қолдау жасап қоймай, қоғам тарапынан, азамат­тар тарапынан да ынта болуы тиіс», – дейді Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РМК директоры Асылбек Байжұмаұлы.

Расында да, көк Туымыздың салта­натты түрде желбірегені – ата-бабамыздың даңқты дәстүрін асқақтатқанымыз. Бүр­кітті байрақ тәуелсіздік мұраттарына адал болуға шақырады, ел халқына ерекше жігер береді. Елтаңбамыз да көзге ыстық, көңілге медеу. Ал Әнұранның рух берер сезімі алабөтен күйге бөлейді. Мамандар біздің елдің мемлекеттік рәміздерінде өзіне тән бір ерекшелік бар екенін айтады.

«Біздің тудағыдай нақты көріністі кез келген елдің жалауынан көре алмайсыз. Қыран құс пен күн біздің елдің ашықтыққа деген, еркіндікке деген құштарлығын айшықтап тұр. Ал Елтаңбамыздағы қос пырақ – қазақ тарихынан ғана емес, адамзат тарихынан хабар береді. Өйткені атты үйретіп мінгеннен бастап адам баласы дамуының жаңа сатысына қадам басты. Ал қазақ үшін ол ажырамас қана­тына айналды. Әнұранға келер болсақ, оның рухты сазы мен жігерлі сөздеріне жетер мазмұн жоқ. Сондықтан да, мем­лекеттік рәміздер – егеменді еліміздің өт­кені мен бүгінінің және болашағы ара­сындағы тарихи сабақтастықтың жарқын көрінісі», – дейді әлеуметтанушы Құралай Шерімбетова.

«Жаһандық экономикада өршіп келе жатқан сын-қатерлер мен бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс жағдайында біз мемлекеттілігімізді нығайту үшін күш-қуатымызды еселей түсуіміз керек. Мем­ле­кеттік рәміздерімізді мазақ етуге, қор­лауға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Мұн­дай әрекеттерге барғандарды қатаң жа­залаған жөн. Біртұтас халық ретінде ұйыса отырып, біз кез келген қиындықты бірге жеңіп, әділетті, тиімді мемлекет құра аламыз. Сонымен бірге жастармен жан-жақ­ты түсіндіру жұмысын жүргізген жөн. Бұл – бүкіл қоғамның міндеті», – деді Президент.