ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 40-ҚА ЖУЫҚ МАУСЫМДЫҚ ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТТЕРІ ҚҰРЫЛАДЫ

39

Жыл басынан бері облыс аумағында түрлі жағдайларда 39 адамның суға кету дерегі тіркелсе, оның 16-ы жас балалар. Биыл 1 841 рет рейд жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған 129 жеке тұлғаға айыппұл салынды. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Оразгелді Дүйсен мәлімдеді.

«Облыс әкімдігінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі «Түркістан облысының су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшіліктің демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлерін белгілеу туралы» №89 Қаулысына сәйкес шомылуға арналған 27 орын белгіленген. Биыл шомылу орнын 70-ге арттыру жоспарлануда. Шардара суқоймасындағы жеке жағажайлар, Ордабасы ауданындағы коммуналдық жағажайлар өз жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі таңда облыс аумағындағы жалпы каркасты бассейндер саны 233-ке жетіп отыр. Жеке кәсіпкерлердің бассейндерінде балаларды және көпбалалы отбасылардың балаларын тегін шомылдыру, жүзуге үйрету мақсатында 54 меморандумға қол қоя отырып, бір мезетте 6 000-нан астам бала тегін шомылуда»-деп баяндады сала басшысы.

Сонымен қатар, брифингте аталған депатармент бастығының міндетін уақытша атқарушы Жасұлан Қуатбекұлы өңірдегі өрт ахуалына тоқталды.

«Облыс аумағында 478 елді мекен аумағында өртке қарсы минералды жолақ жасау жұмыстары атқарылып, құрғақ шөптерден тазартылды. Сондай-ақ, 37 маусымдық өрт сөндіру бекеттерін құру жоспарланып, бүгінгі таңда 25 бекет құрылды. Биыл жыл басынан орманды жерлерде 173 гектар алқапты шарпыған 2 өрт тіркелді. Сонымен қатар, облыс аумағында 124 елді мекен орман қоры аумағына шекаралас орналасқан. Олар Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Отырар, Арыс, Ордабасы, Кентау, Шардара аудандарында. Аталған аудандарда арнайы топтар құрылып, қазіргі таңда күнделікті тексеріс жұмыстары жүргізілуде» — деді спикер.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі