Патриоттық тәрбиенің мақсаты жас ұрпақтың жақсы қасиеттерін қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін жұмсауға қалыптастыру


Сан ғасырлар бойы Қазақстан тарихында патриотизм ұғымы ерекше мәнге ие болып келеді. Сол замандардан бері қазақ халқының бойыны сіңген, елін-жерін сүю, қорғау, қызмет ету, ынтымақтастықты ту етіп ұстау, дәстүрге құрмет көрсету мәдениеті қалыптасты. Осы тұрғыда өсіп келе жатқан ұрпақтың да бойына патриотизм құндылықтарын сіңіріп, оның жалғастығын үзбеу маңызды мәнге ие. Патриоттық тәрбиенiң барлық жүйесiн ұйымдастырып, оның жұмыс iстеуiн және бақылауды қамтамасыз ететiн негiзгi институт мемлекет болып саналады. Жастарды патриотизмге тәрбиелеу Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді перспективалы мемлекеттік жастар саясаты бағыттарының бірі болып табылады.
Президент ҚасымЖомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», деген болатын. Патриотизм – Отанға, туған жерге, өзінің мəдени ортасына деген сүйіспеншілік. Адамның бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің əдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриоттық құндылықтар тал бесіктен бойымызға сіңе бастайды. Сондықтан келешек ұрпақты ұлттық, халықтық тұрғыдан тəрбиелеу қажет. Жас ұрпаққа ұлттық тəрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мəдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн“,-деген болатын. Ендеше рухани-мəдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтарға, тəрбиелеу күн өткен сайын маңызы артып келеді. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды ана тілін, тарихын, салт-дəстүрін жетік білетін, құрметтейтін, жанашырлық, сенімділік, намысшылдық секілді мінезді бойына сіңірген ұрпақты қалыптастыру арқылы ғана əлемдік деңгейге көтере аламыз. Ол үшін жеке тұлғаны қалыптастыру құралдары ретiнде ұлттық тәрбие мен педагогика үдерісіне ерекше көңіл бөлу керек. Педагогика адам тәрбиесіне қатты әсер етеді, сондықтан педагогиканы патриотизм тәрбиесінде белсенді қолдану керек.