Өнер әлеміне өшпес із қалдырған

«Өмір көші алға жылжыған сайын сан алуан адамдармен тағдырың тоғысып, кейбірімен етене араласып, дәмдес, тұздас болып жатасың. Алайда, бәрі бірдей жүрегіңнің төрінен орын ала бермейді. Олардың арасында әрбір ісі, әрбір сөзі жаныңа жылу сыйлап, еріксіз өзіне тартатын, жақын адамдарың болады» деген жақсылардан қалған сөз бар. Осы бір даналық сөз Шәуілдір ауылының байырғы тұрғыны, отырардан шыққан тұңғыш режиссер, ардагер Есенбай Тұрлыбекұлына арнап айтылғандай..
Отырарым, бабам сенсің бас иетін,
Анам сенсің терең бүккен қасиетін.
Сенің даңқың менің мәңгі мақтанышым,
Сенің қайғың менің мәңгі қасіретім –деп туған жерін жырлаған түркі әлемінің мақтанышы ақын Мұхтар Шахановтың, әлемге әйгілі ғұлама әл-Фарабидің, күш атасы Қыжымұқанның, «вальс каролы» атанған Шәмшінің кіндік қаны тамған киелі мекен Отырардың, Шәуілдір аулында 1948 жылы сәуір айының 9 жұлдызында Есенбай досымыз шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Тұрлыбек, анасы Шәйкүл қарапайы жандар болатын. Ол кісілерді өзіміз көрдік. Жүздерінен мейірім шуағы төгіліп тұратын кісілер еді. Ақтай, Құлшай, Мейірбек, Атығай, Есен ағалары туралы да ел ішінде жылы лебіздерді жиі еститінбіз. Жалпы Тұрлыбековтер әулеті көпке үлгі.Олардың татулығы мен ынтымағы,сыйластығы, кімді болса да қызықтырары сөзсіз.
«Тәрбие басы — тал бесіктен» демекші, отбасындағы береке-бірлік, әкенің өнегесі мен ананың тәрбиесі, туған жердің ғажайып тарихы оның өмірін ізгілікке толтырған еді. Ол бала кезден -жаңалық пен жақсылықтың жаршысы болуға ұмтылды.Әлі есімде, Жамбыл мектебінде 9-сыныпта оқып жүрген кезімізде сыныптаcымыз Көпен Әмірбек спортшылар туралы пьесса дайындап, сондағы бас кейіпкер боксшы баланың рөлін орындауға бәріміздің жүрегіміз дауламай тұрғанда Есенбей мен орындап көрейін деп алға суырылып шыққан болатын. Оған біздер көпке дейін мәз-мәйрам болып жүрдік. Әрқашан да спорт пен өнерде оқушылардың қасынан табылатын Сұлтан Барлыбаев, Жарылқасын Дербісов ағайларымызда риза еді. Бірақ, Есенбайдың бұл өнерінің кейін үлкен сахыналарда көрініс табарын біздер білген жоқ едік .
Жалпы Есенбайдың сыныптастарының ішінде өнер сүйер талантты жастар аз болмады. Жұмыртқаны жаңа ғана жарып шыққан сары ауыз балапандай әлі қанат қаға қоймаған сол кездегі тамаша талант иелері Көпен Әмірбек, Оразхан Жарқынбеков, Икрам Бәкіров өсе келе елге танымал қаламгерлер болса, Әлайдар Мамырайымов, Оразбек Нұсқабаев, Әшім Ахметов белгілі ғалым, академик болды. Ресейдің «Южный Сахалин» футбол командасының шабуылшысы Марат Серікбаевтың есімі ресей аспанында жарқырап тұрды. Досыбай Пәрменқұлов отырардың білім беру саласының Алтынсарині атанды.
Есенбайдың да театр тарланы атануы 1974 жылдың күзінде басталған еді… Бірақ, бұған дейін ол өмірдің небір бұраң бел -белестерінен жүріп өткен болатын. Әріден айтсақ, өз құрдастары секілді аудан орталығындағы Жамбыл орта мектебін 1967 жылы ел қатарлы бітірді. Сол жылы ауданымыздағы жаңадан ашылған құрылыс мекемесіне жер-жерден ұсталар, жұмысшылар қабылданып жатқан. Аудандық комсомол комитеті бір топ мектеп бітіруші жастарды жолдамамен сонда жұмысқа жайғастырады. Олар бір ай оқып, сылақшы, бояушы, қалаушы мамандықтарын алып шығады. Осылайша еңбек майданының бел ортасында жүрген Есенбай күзде әскерге алынды. Сонау Кавқазға барып, керемет табиғатымен одаққа әйгілі болған Есентуки қаласында қызмет етті. Әскерден аман-есен келген соң өзінің бұрынғы «ПМК-7» құрылыс мекемесіне жұмысқа тұрды. Қазіргі аудан орталығындағы емхана, Ленин (Шәмші) атындағы мектепті, Темір совхозындағы мектеп, машаттағы демалыс санаториін т.б құрылыстарға белсене араласты. Ол кезде осындағы Шаяхмет Серікбаев басқарған құрылысшылар бригадасының даңқы аспандап тұрған. Комсомол бригадасын басқарған Есенбай да Шаяхмет ағасын өзіне үлгі тұтып, көп нәрсе үйренеді.
Ол айтады: -«1974жылы күзде аудандық мәдениет үйіне автоклуб меңгерушісі болып жұмысқа қабылдандым. Біздің негізгі жұмысымыз аудан жұртына, көрші аудандарға, Созақ, Түркістан, Шардара, Жетісай аудандарына гастролге шығып, өнерімізді көрсету болатын.Мен алғаш рет драматруг Р.Сейсенбаевтың, Е.Құлбаевтың «Өзіңіді тап» спектакілінде басты рөлде ойнадым. Сәтті шықты. Кейінен көптеген спектакілде ойнадым.
Өнерімді бағалайтын халық болса,екінші адам аудандық мәдениет үйінің сол кездегі басшысы Сейтісхан Кішібаев ағамыз болатын. Ол кісі қазақ өнерінің нағыз жанашыры еді. Содан болар менің қарым-қабілетімді,талантымды байқап режисcер жұмысына қабылдады. Қызмет барысында сахынаның сыйқырлы сырлары жайлы көп деректерге қанықтым. Әсіресе Әбіләкім Оспанқұлов, Көмекбай Мұсаев, Жақсылық Әбуов, Тәтібай Аңдасов, Раушан Алтынбекова секілді өнер жұлдыздарының өнердегі жетістіктері менің ой өрісімді кеңейтіп, шабыттандыра түсті. Осындай шығармашылық толғаныста жүріп, 1977 жылы отырарлық қарымды қаламгер Сейділдахан Елбасиевтің ауданымыздың негізін қалаған, алғашқы ауатком төрағасы Дүсенбай Алтынбеков туралы жазған «Даладағы дабыл» спектакілін сахынаға шығарып, халыққа көрсеттім. Дүйсекең ағамызды білетін көне көз қариялармен пікір алыстым. Алғашқы қойылым «Аққу» клубында қойылған болатын. Оған сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші секретары Ұланбек Арғынбеков, аудндық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ұлтуған Шораева бастаған аудан басшылары, зиялы қауым қатысып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Д.Алтынбековты сахнаға шығарып,елге танымал еткенім үшін ұлы Ноян ағамыз сахнаға шығып, риза болып, алғысын білдірді».-дейді.
Десе дегендей-ақ талантты да дарынды режиссер атанған ол 1978 жылы «Әбу Насыр әл-Фараби» спектакілін тұңғыш рет сағнаға шығарады. Көрермендер көңілінен шыққан «Әбу Насыр –әл-Фараби» спектакілі облыс филармониясында 3-4 күн бойы халыққа көрсетілді. Оған облыстық «Шанин» атындағы драма театрінің бас режиссері Әскер Құлдановтың, Қазақстанның халық артисі Ә.Рахимов және Ә.Әбішевтің көп көмегі тиген еді. Есенбай да өз қызметінде күн демей, түн демей аталмыш өнер тарландарымен әрдайым пікір алысып отырды.
Еңбексіз таң атырмай,күн батырмай,
Тыпырлап тыным көрмей жүр Есенбай.
Тарихтың куәгері тірліктері,
Халқына еңбегі бар бір адамдай, –деген өлең жолдары сол кезде айтылған еді.
Ол кезде аудандық мәдениет бөлімінде Серәлі Асанов, Маржан Танашова, Сарман Жұмакелдиев, Әбілқасым Дербісов, Әбдірахман Әбдікәрімов, Әлия Отарбаева, Нұрмахан Сейілбеков т.б. талантты жігіттер мен қыздар болатын. Олардың бәрі де өнер шебері атанған кәсіпқой әртістер еді.
Осындай дарынды жастадың жәрдемімен Есенбай белгілі драматург С.Шәймерденов, Қ.Мұхамеджановтың, С.Жүнісовтың спктакілдерінде басты рөлдерде сәтті ойнап шығады. Әсіресе, «Қызыл керуен» автопоезімен аудан шаруашылықтарын аралап, еңбек адамдарына өнер көрсетуден жалыққан емес.
Аудан әкімінің орынбасары Икрам Бәкіровтың қолдауымен 1998 жылы драматург Сейділдахан Елбасиевтың «Шәміл Дүр» спектакілін шығарып, қөрерменге ұсынды. Көрермендер жылы қабылдап, ризашылық пейілдерін білдіріп жатты. Оның режиссерлық туындыларының бәрі де көрермендерің көңіл көкжиегін кеңейтіп,оларға ой салатын,Ал өзі сомдаған кейіпкерлердің бәрі де өзінің шынайылығымен,тартымдылығымен кімді де болса бей -жай қалдырмайтын.
Шын өнер майданы аламан бәйге сияқты ғой. Ауыздығымен алысқан талай тұлпар мәреге жете алмай орта жолда шығып қалады.Алайда өнерге деген құштарлығы мен тәжірибесі мол,тума талант иесі Есенбай қандай қиындық көрседе кері шегінбеді, шашасына шаң жұқтырмады.Нәтижесінде көрермендердің құрметіне бөленіп, беделді марапаттарға, мақтау қағаздарына ие болды.
Өйткені, Есенбайдың халықтың батасын алған парасатты, барынша сыпайы, қарапайым, кішіпейіл, мен -мендігі жоқ, ауылда өсіп, қазақы ата-баба салт-дәстүрімен сомдалған азамат екендігі жүріс тұрысынан айшықталып тұратын.
Міне ол осындай қасиет қабілетімен ағайын-туыс, дос-жаран, елге сыйлы тұлғаға айналды. Есенбай алыс-жақыннан дос жинаған азамат. Әсіресе, оның атақты сатирик жазушы Көпен Әмірбек, полковник Ергешбай Маханов, сыныптастар президенті Тұрлыбек Масанов, Биі Аманбай Шегебаев, ардагерлер Аймырза Дәулетбеков, Үмбет Ақбаев,кәсіпкер Убайдулла Сындарқұловпен сыйластығы ерекше болатын. Ол басқа да барша достарының көңіл терезесін кірлетпей, шытынатпай, барын бағалап, жоғын жоқтап, өмірдің қызығын да, шыжығын да, қиындығын да достарымен бірге көріп келеді. Содан болар ол өзі жайлы сөзге сараң болғанымен достарына, өнерге, сахна кереметтеріне келгенде көсіліп сөйлейді. Баяғыда арыны қатты арғымақты алдына арқан керіп әрең тоқтадады дегенді еститінбіз. Құдды сол, оны тыңдаған сайын ұлттық рухың көтеріліп,мәртебең биіктей түседі.
Ия,еңбегі бар еленбей қалмас деген сөз тегін айтылмаса керек. Көрермендердің зор құрметі мен ыстық ықыласына бөленген оның алған алғыс,марапаттары аз емес.
Сонымен, оймақтай ойымызды қорғасындай қорытып айтар болсақ, жақсылардың жалғасындай, асылдар мен ардақтылардың сарқытындай болған, өнер әлеміне өшпес із қалдырған дарынды режиссер Есенбай Тұрлыбекұлының өнегелі өмірі «жігітке жеті өнер де аз» деп тұрғандай. Ия, бүгінде ол дария кеуде тау мүсін қариялық жасқа жеткен, ауданымыздың 90 жылдығына орай айтары көп, өнегелі отбасы иесі. Жұбайы Есенкүл екеуі ұлын ұяға,қызын қияға қондырған, олардан немере-шөбере сүйіп отырған бақытты жандар.
Файзулла Рахматуллаұлы.
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Отырар ауданының Құрметті азаматы.