ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА ЖАЛПЫАУДАНДЫҚ СЕНБІЛІККЕ 250-ГЕ ЖУЫҚ АДАМ БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСТЫ

32

Бүгін Түлкібас ауданында кезекті жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды. Аталған шараға Жабағылы ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері мен аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдердің мамандарынан құралған 250-ге жуық адам белсене қатысты.
Сенбілік барысында Жабағылы ауылындағы туристер көп келетін демалыс аймақтарының маңы қоқыстан тазартылып, көше бойлары ретке келтіріліп, қоқыс қалдықтары арнайы техникамен шығарылды.

Мұндай сенбіліктер — тек тазалық шарасы ғана емес, қоғамдық белсенділік пен экологиялық мәдениетті арттырудың нақты көрінісі. Аудан тұрғындарын бір мақсатқа біріктіретін бұл бастаманың мақсаты — «Таза Қазақстан» республикалық шарасына қолдау көрсету, қоршаған ортаны қорғау, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту және табиғи сұлулығын сақтау. Айта кетейік, Түлкібас ауданы әкімдігі мен тиісті мекемелер тарапынан аймақтың тазалығын қамтамасыз ету, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау және экологиялық тұрақтылықты арттыру бағытында жұмыстар тұрақты түрде жалғасын таба бермек.